Солтүстік Қазақстан облысында жаңа Конституция жобасы білім, ғылым және мәдениет саласының өкілдерімен талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Петропавлда өткен кездесуге «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы мүшелері қатысты.
Жиынға Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі, Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Аида Балаева төрағалық етті. Сондай-ақ ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Ольга Перепечина, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясы жетекшісінің орынбасары Ерлан Саиров және бірқатар қоғам қайраткерлері мен жоғары оқу орындарының басшылары қатысты.
Аида Балаеваның мәліметінше, жаңа Конституцияның түпкі философиясы адамға, азаматтардың игілігіне бағытталған. Оның айтуынша, құжатта адам капиталы ел дамуының басты басымдығы ретінде айқындалған. Жаңа экономикалық өсу моделінде кәсіби біліктілік, жаһандық бәсекеге қабілеттілік пен инновациялық ойлау шешуші рөл атқарады.
Вице-премьердің сөзінше, жаһандық экономикалық дағдарыстар мен геосаяси сын-қатерлер күшейген кезеңде мемлекеттің тұрақтылығы білімді ұлтқа, қуатты ғылыми әлеуетке және шығармашылық қабілетке сүйенеді. Сондықтан білім, ғылым, мәдениет және инновация салаларына ерекше мән беріліп, «білім», «ғылым» және «инновациялар» ұғымдары алғаш рет Конституция деңгейінде бекітіліп отыр.
Сенат төрағасының орынбасары Ольга Перепечинаның айтуынша, Қазақстан жаңа саяси даму кезеңіне қадам басып отыр. Жаңартылған Конституция білім мен ғылымды, ұлттық шығармашылық әлеуетті дамытуға берік құқықтық негіз қалыптастырады. Сонымен қатар мемлекеттік оқу орындарында бастауыш және орта білімнің тегін берілуіне кепілдік сақталады.
Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров елде жүргізіліп жатқан саяси реформалар демократиялық институттарды нығайтуға бағытталғанын атап өтті. Оның мәліметінше, Конституция жобасы Қазақстанның саяси жүйесін ХХІ ғасыр талаптарына бейімдеудің маңызды кезеңі болмақ.
«Қазақстандық қоғамдық даму институты» басқарма төрағасы Жұлдызай Ысқақованың пікірінше, жаңа Конституция – тек құқықтық құжат емес, заманауи қоғамдық құндылықтардың көрінісі. Ол құжаттың қоғам бірлігі мен консенсус негізінде қалыптасқанын атап өтті.
Кездесу соңында коалиция мүшелері қатысушылармен ашық пікір алмасты. Жаңа Конституция жобасы бойынша азаматтар 15 наурызда өз позициясын білдіре алады.