Нұрай Серікбайдың ісінен кейін қызметтік тексеру жүргізілген
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Мәжілістегі брифингте марқұм Нұрай Серікбайдың ісіне байланысты тергеу барысын және Қылмыстық кодекске енгізілген жаңа «сталкинг» бабының қолданылуын түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, аталған оқиғадан кейін қызметтік тексеру жүргізілген.
«Осы факті бойынша қызметтік тергеу өтті. Бұған дейін де хабарлағанбыз: департамент басшылығы мен бірқатар лауазымды тұлға қызметінен босатылды. Қазіргі уақытта бірнеше қылмыстық бап бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Іс бақылауда. Мен жеке өзім жәбірленушілердің туыстарымен кездестім», – деді Санжар Әділов.
Министр орынбасары Парламент депутаттары қабылдаған жаңа нормалардың іс жүзінде жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
«Қылмыстық кодекстің 115-1-бабы («Сталкинг») бойынша бүгінде 36 қылмыстық іс жолданды. Барлық департаментте нөлдік төзімділік қағидатын ұстанамыз. Заңнамалық түзетулерге, оның ішінде Парламент бастамаларына сәйкес, біз атқарушы әрі құқық қорғау органы ретінде заңдардың орындалуын қамтамасыз етуге міндеттіміз», – деді ол.
БАҚ өкілдері сталкинг туралы шағым ескерусіз қалған жағдайда полиция қызметкерлерінің әрекетін қызметтік олқылық деп бағалауға бола ма деген сұрақ қойды. Әділовтің сөзінше, бұл бағытта да тергеу жалғасып жатыр.
«Қазіргі таңда қызметтік немқұрайлылық фактісі бойынша, оның ішінде лауазымды тұлғаларға қатысты қылмыстық тергеу жүргізіліп жатырмыз. Тергеу нәтижесі туралы қосымша хабарлаймыз», – деді министрдің орынбасары.