«Қолында үлкен дорбасы бар»: «Проблемалық кредиттер қорының» экс-басшысы 11,4 млрд теңге ұрлаған

Автор: Асыл Арман

Бұдан бөлек бюджетке 1,3 млрд теңгеден астам қаражат түспей қалған

Фото: ҰҚК

ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланды деген күдікпен Қаржы министрлігінің «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ басқармасының бұрынғы төрағасын ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тергеу материалдарына сәйкес, ол жекеменшік иесіне қорға аударылуға тиіс кепіл мүлкін сатудан түскен ақша қаражатын ұстап қалу құқығын заңсыз беріп, мемлекетке 11,4 млрд теңге көлемінде залал келтірген.

Бұдан бөлек, ол мемлекеттік мүлікті төмендетілген құнмен сатқан, осының салдарынан бюджетке 1,3 млрд теңгеден астам қаражат түспей қалған.

Сондай-ақ құжаттарды қолдан жасау арқылы кепілге қойылған жер учаскелерін сатып, қорға 800 млн теңге көлемінде залал келтірген борышкер компаниялардың меншік иесі мен оның сыбайластары ұсталды.

«Соттың санкциясымен олар Қылмыстық кодекстің 190 және 361-баптары бойынша қамауға алынып, мүлікке тыйым салынды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – делінген ҰҚК хабарламасында.