25 ақпанда ауа райы күрт құбылады: бір өңірде нөсер, бірінде боран мен көктайғақ

Автор: Мөлдір Қазыбай

«Қазгидромет» елдің бірнеше аймағына дауылды ескерту жариялады

Фото: pixabay.com

25 ақпанда Қазақстанның бірқатар өңірінде қолайсыз ауа райы күтіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қазгидромет» дерегінше, жауын-шашын, тұман, көктайғақ, бұрқасын және екпінді желге байланысты дауылды ескерту жасалды. Қызылорда облысында күндіз қатты жауын-шашын, көктайғақ пен бұрқасын күтіледі. Облыстың орталығы мен шығысында нөсер күшейіп, желдің жылдамдығы 15-20 м/с, екпіні 25 м/с-қа дейін жетеді. Қызылорда қаласында да осындай ахуал сақталады.

Түркістан облысының батысы, оңтүстігі және таулы аудандарында жауын-шашын басым болады. Күннің екінші жартысында жаңбыр күшейеді. Облыстың оңтүстігінде найзағай ойнап, солтүстігі мен батысында, таулы өңірлерде тұман түседі. Жел бағыты солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа ауысып, күші 15-20 м/с, тау асуларында екпіні 23-28 м/с-қа дейін барады. Шымкентте түнде және кешкі уақытта жаңбыр жауып, тұман түседі, жел екпіні 15-20 м/с. Түркістан қаласында да жаңбыр мен тұман күтіледі.

Алматы облысының батысы, оңтүстігі және таулы аймақтарында тұман мен көктайғақ болады. Жел 15-20 м/с-қа дейін күшейеді. Алматы қаласы мен Қонаевта да тұман түсіп, жолдарда көктайғақ қалыптасуы мүмкін.

Ұлытау облысының оңтүстігінде көктайғақ болжанады. Желдің екпіні 15-20 м/с, кей уақытта 25 м/с-қа жетеді. Жезқазғанда күндіз желдің жылдамдығы 23 м/с-қа дейін күшейеді.

Қарағанды облысының батысы, солтүстігі және оңтүстігінде тұман күтіледі. Күндіз желдің жылдамдығы 15-20 м/с-қа жетеді.

Маңғыстау облысының оңтүстігі, шығысы және орталығында көктайғақ болуы ықтимал.

Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында жаяу бұрқасын болжанып отыр. Желдің жылдамдығы 15-20 м/с.

Батыс Қазақстан облысының батысы, солтүстігі және оңтүстігінде тұман түседі. Орал қаласында түнде және таңертең көріну қашықтығы төмендейді.

Абай облысының батысы, солтүстігі және орталығында тұман күтіледі. Желдің екпіні 15-20 м/с. Семейде де түнгі және таңғы уақытта тұман болады.

Қостанай облысының батысы, шығысы және оңтүстігінде тұман болжанып отыр.

Шығыс Қазақстан облысының солтүстігі, шығысы және оңтүстігінде тұман түседі. Өскеменде түнде және таңертең тұман күтіледі.

Жамбыл облысының оңтүстік-батысы, шығысы және таулы аймақтарында көктайғақ болады. Кей уақыттарда тұман түсіп, желдің жылдамдығы 15-20 м/с, екпіні 23-28 м/с-қа дейін жетеді. Тараз қаласында да тұман мен көктайғақ болжанады.

Синоптиктер жолда және ашық аумақта қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді.