Кейбір дәрілерді аш қарынға, ал кейбірін тамақтан кейін қабылдау қажет екенін ескерген жөн
Дәрігер-терапевт, клиникалық фармаколог Аягөз Тұрсынбай Ораза кезінде дәрі қабылдайтын адамдарға кеңес берді, деп жазады Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, Ораза кезінде дәрі-дәрмек қабылдау тәртібі шынымен де өзгеруі мүмкін.
«Егер тұрақты түрде қандай да бір препарат ішетін болсаңыз, оларды сәресі (ауыз бекітер) мен ауызашар уақытына сәйкестендіріп қабылдаған дұрыс. Алайда ең бастысы дәрілер арасындағы дұрыс интервалды сақтау және тәуліктік дозаны бұзбау. Мысалы, күніне екі рет қабылданатын препараттарды әдетте сәресі мен ауызашар арасында шамамен 10–12 сағаттық аралықпен ішуге болады. Ал күніне үш рет ішілетін дәрілердің режимін өз бетіңізше өзгерту қауіпті болуы мүмкін, себебі бұл емнің тиімділігін төмендетеді немесе жанама әсерлердің пайда болуына әкелуі ықтимал», - дейді Аягөз Тұрсынбай.
Маманың айтуынша, кейбір дәрілерді аш қарынға, ал кейбірін тамақтан кейін қабылдау қажет екенін ескерген жөн.
«Ораза кезінде асқазан-ішек жолына түсетін жүктеме өзгеретіндіктен, әсіресе асқазан, қан қысымы, қант диабеті, жүрек-қан тамырлары аурулары бар адамдар сақ болғаны дұрыс. Диуретиктер (зәр айдайтын дәрілер) сусыздану қаупін арттыруы мүмкін, ал қант диабетіне арналған препараттар гипогликемияға (қанттың күрт төмендеуі) әкелуі ықтимал. Сондықтан ең дұрыс шешім Ораза басталмай тұрып немесе алғашқы күндері дәрігеріңізбен немесе фармацевтпен кеңесу. Маман сіздің диагнозыңызға, қабылдап жүрген препараттарыңызға және олардың әсер ету ұзақтығына қарай қауіпсіз әрі тиімді схема ұсына алады. Ешқашан дәріні өз бетіңізше тоқтатпаңыз және дозасын азайтпаңыз. Ең басты қағида - денсаулыққа зиян келтірмеу. Егер дәрігер Ораза ұстау сіздің жағдайыңызға қауіп төндіруі мүмкін десе, денсаулықты бірінші орынға қойған жөн», - дейді ол.
Аягөз Тұрсынбай тәулігіне 3 рет ішетін дәрі-дәрмектерді Ораза кезінде 2 рет қабылдау туралы дәрігерге жүгінген жөн.
«Себебі кейбір препараттар уақытқа тәуелді, оларды айтылған уақытта ішу міндетті болады. Өз бетімен қысқартуға болмайды. Артериялық гипертония мен қант диабеті сияқты созылмалы аурулар кезінде ораза ұстау мәселесіне ерекше жауапкершілікпен қарау қажет. Мұндай жағдайда ең бастысы – қан қысымы мен қандағы қант деңгейін тұрақты бақылауда ұстау.Артериялық гипертония бар адамдар Ораза кезінде сусыздану қаупіне жиі ұшырайды. Күндізгі уақытта сұйықтық ішпеу қан қоюлануына, қысымның тұрақсыздануына, бас айналу мен әлсіздікке әкелуі мүмкін», - дейді дәрігер.
Ал қант диабеті бар адамдар үшін ең маңыздысы қандағы глюкоза деңгейін тұрақты бақылау.
«Ораза кезінде гипогликемия немесе гипергликемия қаупі артады. Ауызңыз құрғаса, әрине ауызды шаюға болады және суды көп ішу керек. Бірақ оған қоса әлсіздік, шаршау, бас айналу мазаласа, ол сусыздану, гипотония, гипогликемия белгілері болуы мүмкін. Дәрігерге қаралаңыз. Ауыз ашар кезінде дәрумендер, БАД-тарды қабылдауға болады. Бастысы дұрыс дозаны дәрігермен кеңесіп алғаныңыз жөн», - дейді маман.