Өңірде 61 іс тергеліп, 37-сі сотқа жолданды
Қызылорда облысында өткен жылы экономикалық қылмыстар салдарынан мемлекетке 2 млрд 817 млн теңге көлемінде залал келген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қызылорда облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мәліметінше, 2025 жылы ведомство өндірісінде 61 қылмыстық іс болған. Оның 48-і аяқталып, 37 іс сотқа жолданды. 11 іс ақталмайтын негіздермен тоқтатылған.
Келтірілген залалдың 1 млрд 849 млн теңгесі өндірілген, бұл жалпы соманың 39,6%-ын құрайды. Сонымен қатар құны 733 млн теңгенің мүлкіне тыйым салынды.
Өңірде алғаш рет 75,5 тонна балық өнімін Еуропалық одақ елдеріне, Германия мен Венгрияға контрабандалық жолмен экспорттау дерегі бойынша айыптау үкімі шықты. Кедендік құны 254 млн теңге болатын өнімге қатысты үкім «СПК Қызылорда Балық» ЖШС құрылтайшысы мен директорына шығарылған.
Бұдан бөлек, заңсыз крипто айырбастау және қылмыстық кірісті заңдастыру фактілері анықталды. Тергеу мәліметінше, күдіктілер тиісті лицензиясыз «Binance» платформасы арқылы цифрлық активтерді сатып алып, заңсыз қызмет жүргізген. Криптоактив айналымының көлемі 1,88 млрд теңгеге жеткен. Аталған іс сотқа жолданды.
Іс материалдарына сәйкес, фигуранттардың бірі есірткінің заңсыз айналымынан түскен қаражатты көп деңгейлі банк аударымдары арқылы заңдастырған. Қылмыстық жолмен алынған кіріс ретінде 5 автокөлікке, 1 тұрғын үйге, 1 пәтерге және отбасылық мейрамханаға – жалпы сомасы 329,7 млн теңге болатын мүлікке тыйым салынды.
Өткен жылы өңірде 6 қаржылық пирамиданың қызметі тоқтатылды. 5 қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталып, қылмыстық кірісті заңдастыру деректері анықталды. Құны 301 млн теңге болатын мүлікті тәркілеу туралы сот үкімі заңды күшіне енді. Оның ішінде Астана қаласындағы сол жағалауда, «EXPO» аумағына жақын орналасқан 7 пәтер мен 1 автокөлік бар.
Сондай-ақ профилактикалық жұмыс нәтижесінде «Кибербақылау» жүйесі арқылы 4 мыңнан астам сілтеме бұғатталды. Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырудың 5 дерегі анықталып, істер сотқа жолданды. Бір жағдайда қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастыру фактісі тіркелген.