Ол пневмония жұқтырып, өзі басқарған ауруханада емделген
Ақтөбе облыстық инфекциялық ауруханасының бас дәрігері Қалихан Қозбағаров қайтыс болды деп жазады «Диапазон» порталы. Марқұм өкпе қабынуымен ауырған.
Әріптестері соңғы екі күнде оның беті бері қарағанын айтып отыр. Алайда, 10 шілдеде бас дәрігер көз жұмған.
«Ол пневмониямен ауырды, коронавирус анықталған жоқ. Қалихан Есбосынұлы 10 шілдеде түстен кейін бақилық болды. Әлі сене алмай отырмыз. Бүкіл аурухана ол кісінің сауығып кетуін тілеген едік. Соңғы екі күнде жағдайы жақсарғандай болған, бәріміз қуандық. Бүгін қымыз сұрады, біз жазылып келе жатқан шығар деп ойладық, алайда, сағат 16:00 шамасында ол жүріп кетті», - дейді марқұмның әріптестері.
Қазан айында Қалихан Қозбағаров 60 жасқа толуы тиіс болған. Ол ауырғаннан бұрын коронавирус жұқтырған пациенттерге жиі барып, жағдайларын сұрап тұрған деп еске алады аурухананың дәрігерлері.