$ 494.66  581.87  6.43
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жылу маусымындағы сынақ: Павлодар мен Ақсуда технологиялық бұзушылық көбейді

Жылу маусымында ақау көбейіп, жөндеу жұмыстарының жеткіліксіз қаржыландырылуы әшкереленді

Жылу маусымындағы сынақ: Павлодар мен Ақсуда технологиялық бұзушылық көбейді
Фото: istockphoto.com

Павлодар облысындағы ірі жылу көздерінде биылғы маусымда технологиялық ақаулар саны күрт артты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ-ға қарасты Павлодар ЖЭО-1 және Ақсу қаласындағы РОК-2 стансаларында өткен жылу беру кезеңімен салыстырғанда технологиялық бұзушылықтар саны 2 есеге жуық көбейген.

Әсіресе Павлодар ЖЭО-1 орталығында жағдай алаңдатарлық. Технологиялық заң бұзушылықтардың басым бөлігі жекелеген қазандық агрегаттарында тіркелген. Кейбір негізгі жабдықтар белгіленген мерзімінде күрделі жөндеуден өтпеген. Меншік иесі тарапынан жөндеу науқанының жүйелі әрі жеткілікті деңгейде қаржыландырылмауы стансадағы тозу деңгейінің ұлғаюына әсер еткен.

Өткен жылдың қараша–қаңтар айларында, сондай-ақ биылғы ақпанда №2 турбинада бірнеше мәрте ақау шыққан. Соның салдарынан станса 1 тәулік бойы резервсіз жұмыс істеп, Павлодар қаласының оңтүстік бөлігін тұрақты жылумен қамтуға нақты қауіп төндірген.

Ұқсас тәуекелдер Ақсу қаласындағы РОК-2 стансасында да байқалған. Былтыр желтоқсанда орын алған штаттан тыс жағдай қазандықтар мен қосалқы жабдықтардың қалыпты жұмысын бұзған. Ақау жедел түрде жойылып, станса жұмысы қалпына келтірілгенімен, уәкілетті органдар барлық технологиялық бұзушылықтар бойынша тексеріс жүргізіп, анықталған кемшіліктерді жою туралы нұсқамалар берген.

Биыл облыстың энергия көздерінде негізгі жабдықтың 41 бірлігін жөндеу жоспарланып отыр. Оның ішінде 9 энергетикалық блок, 24 қазандық, 6 турбина және 2 түтін мұржасы бар.