Құтқарушылар қыс басталғалы 1 500-ге жуық рейд жүргізген
Шығыс Қазақстан облысында қыс басталғалы мұз үстінде қауіпсіздік талаптарын сақтамаған 72 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өңірлік төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, мұз айдындарындағы қауіпсіздікті бақылау күшейтілген. Қыс маусымы басталғалы құтқарушылар су айдындарында 1 500-ге жуық рейд ұйымдастырған. Тексеру нәтижесінде мұз үстіндегі қауіпсіздік ережелерін бұзған 72 дерек тіркеліп, заң аясында тиісті шара қолданылған.
Сонымен қатар тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қауіпсіздік жадынамалары таратылған. Мамандар азаматтарды жеке қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауға шақырады.
Құтқарушылардың айтуынша, мұздың қалыңдығына толық көз жеткізбейінше оның үстімен жүру аса қауіпті. Жағалау маңында мұз қалың көрінгенімен, тереңдікке қарай жұқара түседі. Бұдан бөлек, ауа температурасының өзгеруіне байланысты мұздың беріктігі де әлсіреуі мүмкін. Әсіресе күндізгі уақытта мұз таңғы және кешкі мезгілмен салыстырғанда әлсіз болады.