Түркістанда құжатсыз мал тасымалы тыйылмай тұр: 7 күнде 613 бас анықталды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Мал ұрлығының алдын алу үшін өткен рейдте 38 көліктен заңсыз жүк табылды

Фото: istockphoto.com

Түркістан облысында 600-ден астам мал тиісті құжатсыз тасымалданғаны анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Өңір аумағында мал ұрлығының алдын алу және заңсыз тасымалдың жолын кесу мақсатында ауқымды рейдтік іс-шара ұйымдастырылды. Түркістан облыстық патрульдік полиция батальоны қызметкерлері республикалық маңызы бар автожолдарда 7 тәулік бойы күшейтілген тексеру жүргізген.

Бақылау барысында мал тиеп бара жатқан 48 жеңіл және жүк көлігі тоқтатылды. Тексеру нәтижесінде 38 автокөліктен тиісті құжаттарсыз тасымалданған 613 бас мал анықталған.

Құжатсыз мал тасымалдаған жүргізушілерге қатысты заң аясында шара қолдану үшін олар қалалық және аудандық полиция басқармаларына жеткізілді. Іс материалдары учаскелік полиция инспекторларына тапсырылып, әрбір дерек бойынша тексеру амалдары басталды.