Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров Джеки Чаннан сыйлық алды

Автор: Дәулет Ботагөз

Михаил Шайдоров ерекше образ таңдаған

Фото: instagram / @mikhail_shaidorov

Италия Олимпиадасының чемпионы Михаил Шайдоров жанкүйерлерін тағы бір мәрте таңғалдырды. Мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада алтынын иеленген қазақстандық спортшы гала-шоуда аңызға айналған актер Джеки Чанның қолынан сыйлық алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Олимпиаданың дәстүрлі Exhibition Gala (көрсетілімдік қойылымдар) кешінде Михаил Шайдоров ерекше образ таңдады. Ол мұз айдынына танымал «Кунг-фу Панда» мультфильміндегі По кейіпкерінің бейнесінде шықты.

Бұл форматта ұпай қойылмайтындықтан, Михаил барынша шоу жасауға мән берді. Оның әрбір қимылы мен акробатикалық элементтері көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Көрсетілім аяқталған соң, Михаилды әлемдік кино жұлдызы, кунг-фу шебері Джеки Чан күтіп алды.

Аңыз актер чемпионға екі ойыншық панда сыйлады. Шайдоровты құшақтап, оның өнері үшін алғыс айтты. Көрермендер бұл тарихи сәтте орындарынан тұрып, қошемет көрсетті.

«Михаил Шайдоров бұл Олимпиадада әлемдік мәнерлеп сырғанаудың көшбасшыларын басып озып, сенсациялық түрде алтын алған болатын. Оның бүгінгі өнері жеңісіне лайықты түрде нүкте қойды», — деп жазады халықаралық БАҚ.