$ 494.66  581.87  6.43
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Түркістан облысында Конституцияға енгізілетін өзгерістер түсіндірілді

Шараға педагогтер қауымы мен қоғам белсенділері қатысты

Түркістан облысында Конституцияға енгізілетін өзгерістер түсіндірілді
Фото: referendum2026.kz

Түркістан облысы Созақ ауданында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» коалициясының мүшелері білім саласының өкілдерімен кездесті. Іс-шара «Мыңжылқы» мәдениет сарайында ұйымдастырылып, педагогтер қауымы мен қоғам белсенділерінің басын қосты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Коалицияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиын барысында алдағы республикалық референдумның тарихи маңызы мен Конституцияға енгізілетін өзгерістердің мазмұны кеңінен түсіндірілді. коалиция мүшесі Мақсат Қарғабай өз сөзінде бұл саяси науқан ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтынын атап өтті.

«Ұсынылып отырған реформалар құқықтық мемлекет негіздерін нығайтуға, азаматтардың ел басқару ісіне араласу мүмкіндігін кеңейтуге және адам құқықтарын қорғауға бағытталған әділетті әрі тиімді жүйе қалыптастыруға жол ашады», - деді ол.

Коалицияның тағы бір мүшесі Қабылбек Еспенбетов конституциялық өзгерістер қоғам өмірінің барлық саласына, соның ішінде білім беру жүйесіне де тікелей әсер ететінін жеткізді. Ол референдум – халық еркін білдіретін маңызды демократиялық тетік екенін айтып, әр азаматтың белсенді ұстанымның маңызына тоқталды. 

Облыстық мәслихат депутаты Бегімбет Байғараев жаңа Конституциядағы білім саласына қатысты басым бағыттар туралы айтты. 

«Жаңа Конституцияда білім беру – ел дамуының стратегиялық ресурсы ретінде айқындалған. Негізгі заңда әр азаматтың сапалы орта білім алуға құқығы нақты бекітіліп, педагог мәртебесін қорғау, қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайту, инклюзивті білім беруді дамыту бағыттары қамтылған. Әлеуметтік мемлекет қағидаттарының күшеюі салаға көрсетілетін қолдауды арттырып, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуге берік негіз қалайды», – деді ол. 

Кездесу соңында конституциялық реформалардың елдің орнықты дамуын қамтамасыз етуге, әділетті қоғам қалыптастыруға және білім беру жүйесін сапалық жаңа деңгейге көтеруге бағытталғаны атап өтілді.