Атырау облысында ішімдіктен бас тартқан ауылдар көбейіп жатыр

Автор: Дәулет Ботагөз

Ауылдардың бірінде 15 жылдан бері ішімдік сатылмайды

Фото: Ішкі істер министрлігі

Атырау облысы Құрманғазы ауданындағы Амангелді ауылы өзгелерге үлгі боларлық мекен. Мұнда 15 жылдан бері ішімдік сатылмайды, ал соңғы төрт жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Амангелді ауылындағы «құрғақ заң» кеше не бүгін пайда болған жоқ. Осыдан 15 жыл бұрын ауыл ақсақалдары жиналып, ішімдіктен бас тарту туралы шешім қабылдаған. Бұл бастаманы тұрғындар бір ауыздан қолдап, содан бері ауыл дүкендерінде алкоголь өнімдері сатылмайды.

Қазіргі таңда ауылдағы 90 үйде 480-ге жуық адам тұрады. Тұрғындардың айтуынша, бұл шешім елді мекендегі ауызбіршілікті арттырып, жастардың салауатты өмір салтын ұстануына жол ашқан.

Ішімдіктен бас тарту ауылдағы криминогендік ахуалға тікелей әсер еткен. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Амангелді ауылында соңғы төрт жылда ешқандай құқық бұзушылық орын алмаған.

«Тұрғындар мен полицияның тығыз байланысы — қауіпсіздіктің басты кепілі. Учаскелік инспектор әр үймен байланыста, профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде заң бұзушылықтар жоқтың қасы», — дейді жергілікті билік өкілдері.

Атырау облысы бойынша қазіргі таңда 56 елді мекен ішімдіктен толықтай бас тартқан. Бұл ауылдарда қоғамдық тәртіп нығайған; отбасылық жанжалдар азайған; спорт пен еңбекке деген қызығушылық артқан.

Ауыл халқы бос уақытын ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және спортқа арнайды.