ШҚО тауларында қауіп күшейді: ақпан соңына дейін қар көшкіні жүруі мүмкін

Автор: Мөлдір Қазыбай

Құтқарушылар тұрғындарды тауға шықпауға шақырып, «112»-ге жедел хабарласуды ескертті

Фото: pixabay.com

Шығыс Қазақстан облысының таулы аумақтарында қар көшкіні жүру қаупі жоғарылап отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

ШҚО төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, ақпан айының соңына дейін өңірдің таулы аймақтарында көшкін қаупі сақталады. Мамандар метеорологиялық жағдайдың құбылуы, жиі қар жаууы және желдің күшеюі қар массасының тұрақтылығына кері әсер ететінін атап отыр.

«Метеорологиялық жағдайдың өзгеруіне, жиі қар жаууына және желдің күшеюіне байланысты облыстың таулы жерлерінде қар көшкіні түсуі ықтимал. Осы ретте, тұрғындарға барынша абай болуды, ешбір жағдайда тауға шықпау қажеттігін ескертеміз. Егер қандай да бір қиындыққа тап болсаңыздар бірден «112» нөміріне қоңырау шалыңыз», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Құтқарушылар алыс сапарға шығуды жоспарлаған азаматтарға жол жағдайын алдын ала тексеруге кеңес береді. Ол үшін «Дәрмен» мобильді қосымшасын пайдалану ұсынылады. Мамандардың айтуынша, ауа райының күрт өзгеруі таулы бағыттарда қауіп-қатерді еселей түседі.

Төтенше жағдайлар қызметі өңір тұрғындарын қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға және ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырды.