Абай облысында полицейлер жолда қалған 400-ге жуық көлікті алып жүрді
Полиция кептелісте қалған жүргізушілерге көмекке келді
Абай облысында ауа райының күрт нашарлауына байланысты полиция қызметкерлері тас жолдарда кептелісте қалған жүргізушілерге көмекке келді. Тәртіп сақшылары 400-ге жуық көліктен тұратын тізбекті қауіпсіз жерге дейін бастап барды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өңірдегі жолдардың кейбір учаскелерінде қозғалысқа шектеу қойылғаннан кейін, жолда қалған жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы автокеруен ұйымдастырылды.
Патрульдік полиция экипаждарының жедел әрекетінің арқасында:
- 234 жеңіл көлік;
- 95 жүк көлігі;
- Жалпы алғанда 400-ге жуық техника діттеген жеріне аман-есен жетті.
Қозғалыс кезең-кезеңімен, полицейлердің қатаң бақылауымен жүзеге асырылды. Бұл шара жол апаты қаупін сейілтіп, күрделі учаскелерде көлік кептелісін болдырмауға мүмкіндік берді.
Абай облыстық Полиция департаменті ауа райының қолайсыздығына байланысты жүргізушілерге келесі ережелерді қатаң сақтауды ескертеді:
- Жолға шықпас бұрын синоптиктердің мәліметіне құлақ түріңіз;
- Төмен жылдамдық пен қауіпсіз қашықтық – амандығыңыздың кепілі;
- Жолдардың жай-күйі туралы тек сенімді дереккөздерден мәлімет алыңыз.
«Мұндай колонналарды ұйымдастыру – төтенше жағдайлардың алдын алудың ең тиімді тәсілі», — деп атап өтті ведомство өкілдері.