Мұндай орталықтарының жұмысы қатаң бақылауға алынады
Елімізде ерекше білім беруді қажет ететін балаларға қызмет көрсететін түзету орталықтарының жұмысы қатаң бақылауға алынады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаеваның айтуынша, бұл талап 2028 жылдан бастап күшіне енбек.
Парламент депутаттарының сауалына берген жауабында Аида Балаева «Мүмкіндігі шектеулі балаларды кешенді қолдау туралы» жаңа заң жобасы әзірленгенін мәлімдеді. Бұл құжат балалардың құқығын қорғауды және арнайы қызметтердің сапасын арттыруды көздейді.
Лицензиялау жүйесі меншік нысанына қарамастан (мемлекеттік те, жекеменшік те) барлық орталықтарға бірыңғай талаптар қоюға мүмкіндік береді.
Заң жобасына сәйкес, психологиялық-педагогикалық қолдау көрсететін ұйымдар мынадай өлшемшарттарға сай болуы тиіс:
Орталықта тек бейіндік педагогикалық білімі мен тиісті біліктілігі бар мамандар жұмыс істеуі керек.
Қызмет көрсету кезінде арнайы бекітілген психологиялық-педагогикалық қолдау стандарттары қатаң сақталуы қажет.
Әрбір ұйым Ұлттық білім беру деректер қорына тіркеліп, ондағы балалар мен қызметкерлер туралы мәліметтерді ашық көрсетуге міндетті.
Талаптарды бұзған орталықтар үшін әкімшілік жауапкершілік енгізіледі.
Үкімет тек бақылауды ғана емес, көмек көрсету жүйесін де жетілдіруді жоспарлап отыр. Атап айтқанда:
1. «Қауіп тобындағы» балаларды ерте анықтау жүйесі жақсарады.
2. Медициналық, білім беру және әлеуметтік қызметтерді қамтитын жеке қолдау жоспары әзірленеді.
3. Барлық мәліметтер біріктірілген арнайы цифрлық платформа іске қосылады.
Бұл шаралар мүмкіндігі шектеулі балалардың қоғамға тезірек бейімделуіне және сапалы оңалтудан өтуіне жағдай жасамақ.