Боран мен көктайғақ: 4 облыста республикалық трассалар жабылды

Автор: Мөлдір Қазыбай

ҚазАвтоЖол ауа райының күрт нашарлауына байланысты бірқатар бағытта қозғалысты уақытша шектеді

Фото: istockphoto.com

Елдің бірнеше өңірінде ауа райының бұзылуына байланысты республикалық маңызы бар автожолдарда көлік қозғалысына шектеу енгізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы мәліметінше, 20 ақпанда кешкі уақыттан бастап бірқатар трассада қауіпсіздік мақсатында қозғалыс тоқтатылды.

Қызылорда облысы

«20 ақпан сағат 20:00-де ауа райының бұзылуына байланысты «РФ шекарасы – Мәртөк – Ақтөбе – Қарабұтақ – Қызылорда – Шымкент – Тараз – Қордай – Алматы – Қорғас – ҚХР шекарасы» автожолының 1362-1806 шақырым аралығындағы учаскесінде Арал қаласынан Қызылорда қаласына дейін барлық көлік түрлерінің қозғалысына шектеу енгізіледі».

Аталған бағытты 21 ақпанда сағат 08:00-де ашу жоспарланып отыр.

Қостанай облысы

«20 ақпан сағат 20:00-де ауа райының бұзылуына байланысты «Қостанай — Әулиекөл — Сұрған» автожолының 8-218 шақырымы аралығындағы учаскесінде Тобыл қаласы — Октябрьское ауылы бағытында жүк және қоғамдық көлік түрлерінің қозғалысына шектеу енгізіледі».

Сондай-ақ, «20 ақпан сағат 20:30-да ауа райының бұзылуына байланысты келесі республикалық маңызы бар автожолдарда барлық көлік түрлерінің қозғалысына шектеу енгізіледі».

Бұл учаскелерде қозғалысты 21 ақпанда сағат 08:00-де қалпына келтіру көзделген.

Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары

Ақтөбе облысында «Ақтөбе — Орал — РФ шекарасы» автожолының 526 — 702 шақырым аралығы, Маржанбұлақ ауылы — Батыс Қазақстан облысының шекарасы;

Батыс Қазақстан облысында «Ақтөбе — Орал — РФ шекарасы» автожолының 393 — 526 шақырым аралығы, Жымпиты ауылы — Ақтөбе облысының шекарасы жабық.

Бұл бағыттарда жолды 21 ақпанда сағат 07:00-де ашу жоспарланған. ҚазАвтоЖол жүргізушілерге алыс жолға шықпас бұрын жолдардың жай-күйін нақтылап алуды және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды ескертті. Ауа райының күрт өзгеруі жолдағы ахуалды күрделендіріп, көлік қозғалысына қауіп төндіруі мүмкін.