Ұлттық орталық музейде «Алтын Орда» жаңа көрме залы ашылады

Автор: Асыл Арман

Көрмеде музей қорынан алынған 200-ге жуық жәдігер ұсынылған

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Ұлттық орталық музейдегі «Алтын Орда» жаңа көрме залымен танысты. Экспозиция қазақ мемлекеттілігінің бастауы болған тарихи маңызды кезеңдердің біріне арналған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Экскурсия барысында премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі музей экспозицияларын ұйымдастырудағы терең әрі ғылымға негізделген тәсілдерді атап өтіп, Алтын Орда мұрасын келер ұрпаққа кеңінен насихаттаудың мән-маңызына тоқталды.

Жаңа зал ашудағы басты мақсат – көпшілікті XIII–XIV ғасырлардағы Алтын Орданың тарихымен, мәдениетімен таныстыру, оның қазақ мемлекеттілігінің бастауы ретіндегі рөлін көрсету және қоғамның тарихи санасын қалыптастыру.

Көрмеде музей қорынан алынған 200-ге жуық жәдігер ұсынылған. Қалалық мәдениет бөліміне тұрмыстық бұйымдар, зергерлік әшекейлер, Алматы облысы Шеңгелді ауылы маңынан табылған Шағатай әулеті ақсүйектерінің салтанатты киіміндегі жібек маталардың қиындысы қойылған. Әскери өнер бөлімінде қару-жарақ элементтері көрсетілген. Мемлекеттік құрылымға арналған бөлімде Алтын Орданың басқару жүйесі, билеушілер генеалогиясы және Қазақ хандығымен тарихи байланысы баяндалады.