АҚШ-тың Флорида штатындағы әуежайға Трамптың аты берілді

Автор: Аягөз Құрмаш

Ақ үй басшысы елден 400 мыңнан астам заңсыз мигрантты депортациялаған

Фото: @realdonaldtrump

АҚШ-тың Флорида штатының Сенаты Палм-Бичтегі, АҚШ президенті Дональд Трамптың резиденциясына жақын орналасқан әуежайды Ақ үй басшысының құрметіне қайта атауды мақұлдады, деп жазады Azattyq Rýhy.

Бұл туралы штаттың заң шығарушы органы жариялаған дауыс беру нәтижелерінде көрсетілген.

Әуежай атауын өзгертуге Сенаттың 25 мүшесі қолдау білдірді, 11 заң шығарушы қарсы дауыс берді, тағы үшеуі қалыс қалды. CBS News телеарнасының хабарлауынша, енді заң жобасын штат губернаторы, республикашыл Рон Десантис, сондай-ақ АҚШ-тың Азаматтық авиация федералдық басқармасы мақұлдауы тиіс.

«АҚШ президенті болып сайланған Флорида штатының тұңғыш тұрғынының құрметіне Палм-Бич әуежайын қайта атау туралы заң жобасын ұсыну мен үшін үлкен мәртебе», – деп келтіреді телеарна бастамашы сенатор-республикашыл Дебби Мэйфилдтің сөзін.

Оның айтуынша, Ақ үй басшысы елден 400 мыңнан астам заңсыз мигрантты депортациялағаны және Мексика мен Канададан АҚШ-қа есірткі тасымалын тоқтатқаны үшін осындай құрметке лайық. Телеарна мәліметінше, атауды өзгертуге 2,7 млрд доллардан астам қаржы бөлінуі мүмкін, бұл қаражат әуежайдағы маңдайшаларды, дыбыстық хабарландыруларды және басқа да инфрақұрылымды жаңартуға жұмсалады.

Бұған дейін The New York Times газеті Вашингтон мен Палм-Бич маңындағы әуежайлар қазіргі АҚШ президентінің құрметіне қайта аталуы мүмкін екенін хабарлаған. 17 ақпанда бұл бастаманы Флорида Өкілдер палатасы да мақұлдады. Әуежайлар President Donald J. Trump International Airport және Donald J. Trump International Airport деген атауларға ие болуы мүмкін.

2025 жылдың соңында АҚШ-та Джон Кеннеди атындағы Орындаушылық өнер орталығының атауы өзгертілген болатын. Енді Вашингтондағы басты театр-концерт кешені Джон Кеннеди және Дональд Трамп атындағы Орындаушылық өнер орталығы деп аталады.