Ол ең алдымен таза ниет туралы айтты
Биыл қасиетті Рамазан айы АҚШ-тағы мұсылмандардың 20 пайыздан астамы тұратын Нью-Йорк қаласында ерекше ауқымда өтеді деп күтілген, деп жазады Azattyq Rýhy.
АҚШ-тағы ең ірі қаланы басқарып отырған алғашқы мұсылман мэр Зохран Мамдани қасиетті айға орай мазмұнды әрі кең бағдарламалар ұйымдастырмақ, деп жазады The New York Times.
Басылымның мәліметінше, Мамдани 2021 жылы Нью-Йорк штатының заң шығару жиналысына сайланғаннан бері Рамазан айындағы оразаны мемлекеттік қызметімен қатар ұстанып келеді.
Ол бұл қасиетті айдың мәні тек күн батқанға дейін астан тыйылу ғана емес, сонымен қатар өз іс-әрекеттерін саралап, рухани тұрғыдан тазару екенін атап өтті.
Өткен жылы сайлауалды науқан кезінде метрополитенде ауыз ашып отырған сәті бейнеленген фотосуреті әлеуметтік желілерде миллиондаған қаралым жинаған еді. Биыл ол ислам дінін ұстанатын өрт сөндірушілермен, курьерлермен және басқа да мекеме қызметкерлерімен бірге ифтарлар (Рамазан айындағы кешкі ауызашар) ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Мамдани командасы сондай-ақ Батыс Африка, Оңтүстік Азия, Таяу Шығыс және афроамерикалық мұсылман қауымдастықтарымен өзара іс-қимылға арналған арнайы бағдарламалар әзірлеп жатыр. Сонымен қатар Нью-Йорк мэриясы мигранттар көп шоғырланған аудандардағы мешіттер өткізетін азық-түлік тарату бағдарламаларына қолдау көрсететіні атап өтілді.
Зерттеулерге сәйкес, АҚШ-тағы мұсылмандардың 20 пайыздан астамы Нью-Йоркте тұрады. Қаланың бұрынғы мэрлері де Рамазан айына байланысты түрлі бастамаларды жүзеге асырған.