Түркістан облысында білім бөлімінің шенеуніктері жарты млрд теңгеден аса ақша жымқырған

Автор: Асыл Арман

Оларға қатысты сот үкімі жарияланды

Фото: ҚМА/Видеодан скрин

Түркістан облысында Байдібек аудандық білім бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты бюджет қаражатын жүйелі түрде жымқыру фактісі бойынша сот үкімі шықты. Тергеуді ҚМА Түркістан облысы бойынша департаменті жүргізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Басшылар, бухгалтерлер және экономистерді қоса алғанда 18 лауазымды тұлға жалақы мен өзге де төлемдерге арналған бюджеттік өтінімдерді негізсіз ұлғайту арқылы ауданның 49 жалпы білім беретін мектеп қаражатын иемдену схемасын ұйымдастырған.

Бухгалтерия қызметкерлері электрондық жүйелерге әдейі жалған мәліметтер енгізіп отырған. Төлем ведомостары мен есеп парақтарына іс жүзінде жұмыс істемеген адамдар енгізілген немесе жалақы мен үстемеақылардың көлемі негізсіз өсірілген.

«Операцияларға заңды сипат беру үшін қызметтік жазбалар, бұйрықтар, есеп ведомостары мен жұмыс уақыты табельдері сияқты жалған құжаттар пайдаланылған. Құжаттардың бір бөлігі төлемдер жүргізілгеннен кейін кері күнмен рәсімделіп немесе есептілікті сәйкестендіру мақсатында түзетілген.

Қаражат жалған тұлғалардың, оның ішінде туыстары мен таныстарының банктік шоттарына аударылып, кейін алдын ала келісілген үлестер бойынша қатысушылар арасында бөлінген. Нәтижесінде мемлекетке келтірілген залал 583 млн теңгеден асты. Тергеу барысында күдіктілер келтірілген шығынды толық өтеді.

Сот 14 адамды 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Тағы 4 адамға қатысты іс рақымшылыққа байланысты тоқтатылды. Үкім заңды күшіне енді», – делінген ҚМА хабарламасында.