Жалпыұлттық коалиция өкілдері өңірде 200-ге жуық кәсіпкер әйелмен және бірқатар еңбек ұжымдарымен кездесті
Қостанай облысында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы мүшелерінің қатысуымен әйел-кәсіпкерлердің өңірлік форумы және тұрғындармен бірқатар кездесу өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іс-шаралар жаңа Конституция жобасының негізгі нормаларын түсіндіруге және оның мемлекеттілікті нығайту, заң үстемдігін күшейту, азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту бағытындағы стратегиялық рөлін талқылауға арналды.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, жалпыұлттық коалиция мүшесі Екатерина Смышляеваның мәліметінше, жаңа Конституция елдің құқықтық жүйесін жаңғыртып, әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын нығайтуға бағытталған. Оның айтуынша, құжат әр азаматтың өз әлеуетін іске асыруына және ел дамуына үлес қосуына жағдай жасауды көздейді.
«AMANAT» партиясы Қостанай облыстық филиалының төрағасы, өңірлік коалиция жетекшісі Алмат Досмұхамедовтің мәліметінше, жаңа Конституцияда әлеуметтік әділеттілік, еңбек адамының құқықтарын қорғау және халықтың әл-ауқатын арттыру қағидаттары айқын көрініс тапқан.
Бұдан бөлек, ССГПО еңбек ұжымымен кездесу өтті. Кездесуде қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуы, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және еңбек адамының мәртебесін арттыру мәселелері талқыланды. Кәсіпорын өкілдерінің мәліметінше, жаңа Конституция нормалары еңбек кепілдіктерін күшейтуге және әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға бағытталған.
Кездесулер қорытындысында қатысушылар жаңа Конституция жобасы ел дамуының стратегиялық басымдықтарына сай келетініне назар аударды. Алдағы референдум қоғамның әділеттілікке, тұрақтылыққа және орнықты болашаққа ұмтылысын айқындайтын маңызды кезең ретінде бағаланды.