Павлодар облысында баласына бірнеше жыл алимент төлемей келген үш ата-ана сотталып кетті

Автор: Асыл Арман

Аймақта прокурорлар алимент төлеуді бақылауды күшейтуде

Фото: freepik.com

Павлодар облысында балаларына бірнеше жыл бойы алимент төлемеген ата-аналар сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Прокуратура органдары сот шешімдерінің орындалуын жүйелі түрде қамтамасыз етуде, ең алдымен балалардың құқықтарын қорғауға қатысты алимент өндіру істеріне басымдық берілуде.

Борышкерлерге нақты жауапкершілік шаралары қолданылады: елден шығуға шектеу қою, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту, цифрлық іздестіру. Бұл жұмыс қазірдің өзінде нәтижесін беруде.

«Тек қаңтар айының өзінде Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша алимент төлеуден жалтарған үш азамат сотталды. Олардың бірі үш жыл бойы төлем жасаудан жалтарып, табысын жасырып, үш кәмелетке толмаған баласын асырауға 2,2 млн теңге қарыз жинаған.

Тағы бір жағдайда 4 млн теңгеден астам берешек бола тұра, борышкер жұмысқа орналасу мүмкіндігі болғанына қарамастан алты жылдан астам уақыт бойы алимент төлемеген.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарының өндірісінде тағы жеті қылмыстық іс бар», – делінген прокуратура хабарламасында.