Мопедті 16 жастан бастап қана жүргізуге рұқсат етіледі
Ақтөбе қаласында мопед пен жеңіл автокөлік соқтығысып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, 8-сынып оқушысы Мұстафа Шоқай көшесі бойымен мопед жүргізіп келе жатып, «Honda» автокөлігімен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан 2010 жылы туған кәмелетке толмаған мопед жолаушысы Ақтөбе қаласындағы облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.
Белгілі болғандай, мопед мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз болған. Сонымен қатар, мопед жүргізушісі 14 жаста болғандықтан, жүргізуші куәлігі болмаған.
Көлік құралдары арнайы тұраққа қойылды. Аталған дерек бойынша тексеру жүргізіліп жатыр.
«Ақтөбе облысының полиция департаменті ата-аналарды кәмелетке толмағандарға бақылауды күшейтуге және тиісті құқығы жоқ тұлғалардың көлік құралдарын басқаруына жол бермеуге шақырады.
Еске саламыз, мопед міндетті түрде мемлекеттік тіркеуден өтуі тиіс, ал мопедті басқаруға 16 жастан бастап, «A1» санатындағы жүргізуші куәлігі болған жағдайда ғана рұқсат етіледі», – делінген облыстық ПД хабарламасында.