Каспийдің болашағы: Қазақстан бастамасы Бакуде қолдау тапты
Астанада өңірлік экологиялық саммит өтеді
Әзербайжанның жетекші жоғары оқу орны АДА университетінде Каспий теңізінің таяздануы мәселелеріне арналған «Каспий мәселесі: себептері, салдарлары және шешімдері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іс-шара 2026 жылғы 22-24 сәуірде Астанада өтетін өңірлік экологиялық саммит қарсаңында Қазақстанның Бакудағы елшілігінің бастамасымен ұйымдастырылды. Дөңгелек үстелге академиялық орта, ғылыми-зерттеу институттары, мемлекеттік органдар, дипломатиялық миссиялар және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Қазақстанның Әзербайжандағы елшісі Әлім Байел өз сөзінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың экология мәселелеріне айрықша мән беретінін атап өтті. 15 наурызда Қазақстанда жаңа Конституцияны қабылдау жөнінде референдум өтеді.
Ата заңның жаңа жобасында азаматтардың табиғатты сақтау және оның байлықтарына ұқыпты қарау жөніндегі міндеттері алғаш рет айқындалған. Ал мемлекет адам өмірі мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны қорғауды мақсат етеді.
Сондай-ақ елші дөңгелек үстел қатысушыларын сәуір айында Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммит туралы хабардар етті. Дипломат Қазақстан президенті Тоқаевтың БҰҰ жүйесі аясында толыққанды су ұйымын құру жөніндегі бастамасы туралы да айтып берді.
Экономикалық ынтымақтастық ұйымының Таза энергия орталығының атқарушы директоры Айсель Ягубова Каспий теңізінің таяздану себептері мен оның жағалаудағы мемлекеттер үшін салдарларына тоқталып, бұл мәселеге халықаралық қауымдастықтың назарын аудару қажеттігін атап өтті.
СІМ ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Зүлфия Сүлейменова Каспий мәселелерін талқылау бастамасына жоғары баға беріп, бүгінгі күні теңіздің таяздануын тек циклдік үдерістермен байланыстыруға болмайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, теңіздің жағдайына жаһандық жылыну елеулі теріс әсер етуде. З. Сүлейменова сондай-ақ Қазақстанның табиғатты қорғау шараларындағы жетістіктері туралы айтып берді.
Әзербайжан СІМ климаттық дипломатия департаментінің директоры Эльчин Аллахвердиев Каспий маңы елдерін теңіздің экологиялық мәселелерін шешу үшін күш-жігерді біріктіруге шақырып, таяздану алғаш рет тек экологиялық емес, сонымен қатар экономикалық проблемаларға да әкеп отырғанын атап өтті. Серік Ахметов қатысушыларға Каспий теңізінің онжылдықтар бойынша экологиялық жағдайы туралы презентация ұсынып, су үнемдеу технологияларын енгізуді қоса алғанда, мәселенің ықтимал шешімдерін ұсынды.
Жалпы дөңгелек үстел барысында өңірдегі экологиялық дағдарыстың себептері талқыланып, ықтимал шешімдер бойынша пікір алмасу өтті. Қатысушылар қоршаған ортаны қорғау мәселелерін бірлесіп шешу жолындағы Қазақстан мен Әзербайжанның іс-қимылдарына жоғары баға берді.