Ол Wizz Air компаниясында бірқатар басшылық лауазымды атқарған
Air Astana лоукостері FlyArystan басшылығының ауысқанын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy әуе компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
1 наурыздан бастап әуе компаниясының президенті болып Йохан Эйдхаген тағайындалады. Ол бұл қызметте Ричард Леджердің орнын басады. Леджер өз кезегінде Air Astana тобы құрамында серіктестік және альянстар жөніндегі вице-президент қызметін жалғастырады.
Йохан Эйдхаген бұған дейін Wizz Air компаниясында бірқатар басшылық лауазымды атқарған, оның ішінде Wizz Air Abu Dhabi басқарушы директоры болған. Ол кадрлық басқару, ESG және маркетинг бағыттарына жетекшілік еткен. Авиация саласына дейін 14 жылдан астам уақыт Nokia компаниясында түрлі елдерде басшылық қызметтерде жұмыс істеген.
Air Astana компаниясының бас директоры Питер Фостер жаңартылған басқару командасы топ стратегиясын одан әрі іске асыруды қамтамасыз ететініне сенім білдірді. Оның айтуынша, сәуір айында бас атқарушы директор қызметіне кірісетін Ибраһим Жаңлыел және наурыздан бастап қаржы жөніндегі атқарушы директор болып тағайындалған Гонсалу Пирешпен бірге компанияның тұрақты дамуын жалғастырады.
Осыған дейін, 12 ақпанда Алматыда FlyArystan компаниясына қатысты монополияға қарсы тергеу басталғаны хабарланған еді. Оған қол жүгінің артық салмағы үшін төлем жүйесі себеп болған, реттеуші оны заңнама талаптарын бұзуы мүмкін деп бағалаған.
Сондай-ақ 15 қаңтарда FlyArystan-ның бұрынғы қызметкерлеріне қатысты ақша қаражатын иемдену және жымқыру ісі бойынша сот үкімі шыққаны хабарланған.