Астанада балықшы мұзды ойыққа қолын тығамын деп шыға алмай қалды (ВИДЕО)
Оны құтқаруға полицейлер шұғыл жетті
Астана қаласында «102»арнасына адамның суға кету қаупі бар екені және шұғыл көмек қажет екені туралы хабарлама түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға орнына дереу патрульдік полиция полкінің қызметкерлері – Кенжебек Әлібаев пен Олжас Бортай жетті. Анықталғандай, 59 жастағы ер адам өзен үстінде шатыр ішінде балық аулау кезінде екі қолын екі бөлек ойыққа тығып, өздігінен шыға алмай қалған.
Оқиға орнына келген полицейлер жағдайды мұқият бағалап, зардап шегушіге екі жағынан жақындап, ойықтарға қысылып қалған қолдарын босатты. Кейін ер адамды мұз үстінен қауіпсіз жерге шығарып алды.
Құтқару сәтінен кейін қызметкерлер алғашқы медициналық көмек көрсетіп, қан айналымын қалпына келтіру үшін қол-аяғына жылыту массажын жасады. Сондай-ақ қажетті көмекті ұйымдастырып, медицина қызметкерлері келгенге дейін оның жағдайын бақылауда ұстады.
Астана қаласы Полиция департаменті азаматтарды қыс мезгілінде су айдындарында барынша сақ болуға шақырады. Мұз үстінде қауіпсіз арақашықтық сақтап, ойықтарды бір-біріне тым жақын бұрғыламау, шатырда жалғыз қалмау және әрдайым байланыс құралдарын алып жүру қажет.
Қауіпті жағдай туындаған жағдайда дереу «102» нөміріне хабарласыңыз немесе жедел қызметтерге жүгініңіз. Қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау – адам өмірін сақтап қалудың кепілі.