$ 489.3  578.94  6.38
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жамбыл облысында ер адам 1500 теңге қарыз болған танысын ұрып, төрт қабырғасын сындырған

Екеуінің арасында қарыз үшін жанжал туындап, арты төбелеске ұласқан

Жамбыл облысында ер адам 1500 теңге қарыз болған танысын ұрып, төрт қабырғасын сындырған
Фото: istockphoto.com

Жамбыл облысында ер адам 1500 теңге қарыз болған танысын ұрып, төрт қабырғасын сындырып жібергені анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жамбыл облыстық сотының мәліметінше, Тұрар Рысқұлов ауданының соты Қылмыстық кодекстің 106-бабы 1-бөлігі (денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) бойынша ер адамға қатысты қылмыстық істі қарады.

Сот анықтағандай, 2025 жылдың тамыз айында сотталушы мас күйінде жүрген жәбірленушіні көріп, одан 1500 теңге қарызын қайтаруды сұраған. Алайда жәбірленуші оның мойнынан қылқындырып, арты жанжалға ұласқан. Төбелес барысында сотталушы жәбірленушіге бірнеше рет соққы жасап, салдарынан оның төрт қабырғасы сынған.

Сот үкімімен ер адам 3 жыл мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Сотталушының өзі кінәсін мойындап, оны қатаң жазаламауды өтінді. Жәбірленуші сотталушыны кешіріп, соттан оны бас бостандығынан айырмауды сұрады.

«ҚК 106-бабы 1-бөлігінің санкциясы 3 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.

Сот сотталушының кінәсін мойындауын және оның оң қырынан сипатталуын жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Сот үкімімен Б. ҚК 106-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. ҚК 63-бабын қолдана отырып, тағайындалған жаза шартты деп танылды. Үкім заңды күшіне енді», – делінген облыстық соттың хабарламасында.