Бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды
Түркістан облысында көкпаршы жігітті ондаған адам ұрып кеткен. Оқыс оқиғаға қатысты облыстық Полиция департаменті ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомствоның мәліметінше, Сайрам ауданының тұрғыны дене жарақатымен ауруханаға жеткізілгені туралы хабарлама 7 ақпан күні полицияға түскен. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы шықты. Полиция қызметкерлері қажетті іс-шараларды атқарып, жанжалдың барлық қатысушыларын, сондай-ақ оқиғаның куәларын анықтады.
«Бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдікті ретінде жергілікті екі тұрғын ұсталды. Ұсталғандарға қатысты сот үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын қолданды. Қазіргі уақытта барлық мән-жайды жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жалғасып жатыр.
Туыстарының айтқан уәждері зерттеліп, тексерілетін болады. Қазіргі таңда жәбірленуші медициналық мекемеде емделіп жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша құқықтық баға беріліп, процессуалдық шешім қабылданады», – делінген облыстық ПД хабарламасында.
Полиция қоғамдық тәртіпті бұзатын кез келген құқыққа қайшы әрекет Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғатынын ескертеді. Сондай-ақ тек ресми ақпарат көздерінен алынған мәліметке сену мен жалған ақпарат таратудан аулақ болуға шақырады.
Естеріңізге сала кетейік, көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін заңда жауапкершілік қарастырылған.
Айта кетейік, осыған дейін Түркістан облысында көкпардан кейін жас жігітті 25-30 адам өлімші етіп ұрып кеткені хабарланған.