Қарағанды жастары жаңа Конституция жобасын талқылады

Автор: Azattyq Rýhy

Өңір сарапшылары мен жастар ұйымдарының жетекшілері жаңа Конституцияны мемлекеттілікті нығайтатын, құқықтарды қорғауды күшейтетін және технологиялық дәуірге жауап беретін жаңартылған модель ретінде бағалады.

Фото: Қарағанды облысының әкімдігі

Қарағанды облысының сарапшылары мен жастар ұйымдарының жетекшілері Қазақстанның жаңа Конституциясы жобасын талқылады. Кездесу ел болашағы, жастардың рөлі және азаматтардың өмірін айқындайтын негізгі қағидаттар туралы ашық пікір алмасу алаңына айналды. Жастар ұсынылып отырған бастамалардың прогрессивті әрі инновациялық сипатын атап өтіп, олардың құқықтарын қорғауды күшейтетініне сенім білдірді,  деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жиынға Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Конституциялық комиссия мүшелері Нұркен Кобжанов пен Бекзат Алтынбеков қатысты.
Өз сөзінде өңір басшысы жаңа Конституцияны қабылдау — тек құқықтық құжатты жаңарту емес, технологиялық революция жағдайында мемлекеттілікті нығайтуға бағытталған стратегиялық қадам екенін атап өтті.

«Жаңа Конституцияны қабылдау бойынша бүкілхалықтық референдум өткізу — маңызды әрі тарихи шешім. Бұл жекелеген нормаларды түзету ғана емес, заманауи сын-қатерлерге жауап беретін мемлекеттік құрылымның жаңартылған моделін қалыптастыру. Біз бұл шешімге ауқымды саяси реформаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыра отырып келдік. Жаңа Конституция бірлік, әділдік және заң үстемдігі қағидаттарын сақтай отырып, жеке тұлғаны қорғауды күшейтеді — кінәсіздік презумпциясын, жеке бостандықтарды және адвокаттың рөлін нақты бекітеді. Бүгін біз болашақ өміріміздің негізін айқындап отырмыз, сондықтан дұрыс таңдау жасау маңызды», — деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Облыс әкімі 2019 жылдан бастау алған және қоғамдық, мемлекеттік әрі экономикалық жүйені жаңғыртуға бағытталған реформалардың хронологиясына тоқталып, олардың заңды жалғасы ретінде жаңа Конституция ұсынылып отырғанын жеткізді. Сонымен қатар реформаларды жүзеге асырудағы және Қазақстанның болашағын қалыптастырудағы жастардың рөліне ерекше мән берді.

Конституциялық комиссия мүшелері Нұркен Кобжанов пен Бекзат Алтынбеков комиссия құрамындағы жұмыс тәжірибелерімен бөлісіп, конституциялық реформаны әзірлеу барысында қоғамдық қатысудың маңызын атап өтті.

«Талдау Қарағанды» өңірлік аналитика мектебінің қатысушысы Асылжан Төлегенов экологиялық қағидаттарды конституциялық деңгейде бекітудің маңыздылығына тоқталды.