Рұқсат етілген 15% орнына жеткізуші 148,8% үстемеақы қолданған
Батыс Қазақстан облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті сауда қызметін реттеу туралы заңнаманы бұзу дерегі бойынша әкімшілік іс қозғады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кәсіпкер мемлекеттік сатып алу порталы арқылы жасалған келісімшарттар негізінде облыстағы мемлекеттік мекемелерге, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын жеткізіп отырған.
Департамент мәліметінше, электронды шот-фактураларды тексеру барысында 2025 жылғы қараша-желтоқсан айларында кәсіпкер Орал қаласындағы бөбекжай-балабақшаларға майлылығы 72,5%, салмағы 180 грамм сары май жеткізгені анықталған. Өнімнің сатып алу бағасы 900 теңге болса, өткізу бағасы 2240 теңгені құраған.
«Сауда қызметін реттеу туралы» ҚР Заңының 9-бабына сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесі босату немесе сатып алу бағасының 15%-ынан аспауға тиіс.
Алайда рұқсат етілген 15% орнына жеткізуші 148,8% үстемеақы қолданған. Бұл заң талаптарын бұзу болып саналады.