Клубтың жаңа президенті бірқатар ірі өндірістік және халықаралық компаниялардың басқару органдарына мүше болған
Шымкент қаласының әкімдігінде «Ордабасы» кәсіби футбол клубын жекешелендіру туралы меморандумға қол қойылды. Келісімге қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен «Integra Construction KZ» ЖШС басшылығы қол қойды. Меморандум мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсіби футбол клубтарын жекешелендіру және коммерцияландыру жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Құжат жеке инвестициялар тартуды, тұрақты нарықтық басқару моделіне көшуді және заманауи корпоративтік басқару стандарттарын енгізуді көздейді. Негізгі бағыттардың қатарында материалдық-техникалық базаны жаңарту, жаттығу инфрақұрылымын дамыту, басқару үдерістерін цифрландыру және клубтың коммерциялық тиімділігін арттыру бар.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков кәсіби спортқа жеке инвестиция тарту футбол инфрақұрылымын дамытуға, жас ойыншыларды даярлауға және қаланың елдегі футбол орталықтарының бірі ретіндегі позициясын нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.
«Бұл маңызды қадам Шымкенттің елдегі жетекші футбол орталықтарының бірі ретіндегі орнын нығайтады. Ол клубты ұлттық және халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті етуге, мүмкіндіктерін кеңейтуге және кәсіби спорттың тұрақты дамуына қосымша ресурстар жұмылдыруға мүмкіндік береді», – деді Ғ.Сыздықбеков.
Өз кезегінде Шахмұрат Муталип компанияның клубты дамытуды ұзақ мерзімді әрі әлеуметтік маңызы бар жоба ретінде қарастырылатынын айтты.
«Ордабасы» – тарихы бай әрі жанкүйерлері мықты қолдайтын клуб. Біздің алдымызда инфрақұрылымға, жас ойыншыларды даярлауға және бәсекеге қабілетті команда қалыптастыруға баса мән бере отырып, клубтың тұрақты дамуын қамтамасыз ету міндеті тұр», – деді ол.
Дархан Еркінұлы әр жылдары бірқатар ірі өндірістік және халықаралық компаниялардың басқару органдарына мүше болды. Атап айтқанда, 2016 жылдан бастап коммерциялық және өндірістік ұйымдарда басқарушы лауазымдарда жұмыс атқарды.