«Қауіпсіз шот» қақпаны: Көкшетауда «салық қызметкері» зейнеткердің 3,8 млн теңгесін қағып алды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Алаяқтар өзін мемлекеттік орган өкілі ретінде таныстырып, зейнеткердің сеніміне кірген

Фото: istockphoto.com

Көкшетауда телефон алаяқтары зейнеткерді 3,8 млн теңгені «қауіпсіз шотқа» аударуға алдап көндірген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазір бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Полицияның мәліметінше, 11 ақпанда ер адамға WhatsApp арқылы өзін мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкері ретінде таныстырған белгісіз тұлғалар хабарласқан. Олар зейнеткердің атына тіркелген жеке кәсіпкерлікті жабу қажет екенін айтып, рәсімдеу үшін SMS-пен келген кодты сұраған.

Кейін күдіктілер қайта байланысқа шығып, бұл жолы өздерін қаржы мониторингі агенттігі мен полиция қызметкерлері ретінде таныстырған. Жәбірленушіні «қаражатыңызға қауіп төніп тұр» деп сендіріп, ақшаны «қауіпсіз шотқа» уақытша аудару керек екенін айтқан.

Алаяқтарға сеніп қалған азамат 3,8 млн теңгені үшінші тұлғалардың шоттарына аударып жіберген. Тек содан кейін ғана оның алаяқтық схеманың құрбаны болғаны белгілі болған.

Қазір құқық қорғау органдары күдіктілерді анықтау бағытында тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Мамандар азаматтарды бейтаныс адамдарға жеке деректерін, банк картасының мәліметін және SMS-кодтарды бермеуге шақырады.