Шара спорттық маусымның шымылдығын ашты
Алматыда дәстүрлі Winter Run жаппай жүгіру жарысы өтіп, спорттық маусымның шымылдығын ашты. Қала әкімдігінің қолдауымен «Бірінші болу — батылдық» корпоративтік қоры ұйымдастырған шара биыл халықаралық деңгейде ерекше серпін алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Биыл жарысқа 2 500 адам қатысты. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, бұл жолғы дода шетелдік спортшылардың көптігімен ерекшеленді. 22 елден 116 шетелдік желаяқ бақ сынаған.
«Winter Run – әуесқойлар мен кәсіби спортшылардың басын қосатын, спорттық маусымның бастауы. Шетелден 116 спортшының қатысуы жарыс ауқымының кеңейгендігінің көрсеткіші», — деп атап өтті ұйымдастырушылар.
Марафонға қатысушылардың тізімі әлемнің түкпір-түкпірін қамтиды. Орталық Азия елдерінен (Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан) бөлек, Алматы көшелерінде мына мемлекеттердің азаматтары жүгірді: Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия, Испания, Польша, Швейцария, Швеция, Норвегия, Украина; Беларусь, Ресей; АҚШ, Канада, Қытай, Моңғолия, Филиппин және Жаңа Зеландия.
Қысқы жүгіру жарысы қала тұрғындары мен қонақтарына жақсы көңіл-күй сыйлап, салауатты өмір салтын насихаттаудың маңызды құралына айналды.