Маңғыстау облысында заманауи спорт кешені салынады
Жаңа стадион аймақтағы бұқаралық спортты дамытуға бағытталған
Маңғыстау облысында халықаралық стандарттарға сай келетін жаңа спорт нысаны бой көтереді. Жаңа стадион аймақтағы бұқаралық спортты дамытуға және жас таланттарды даярлауға бағытталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайға таныстырылған жоба тек футбол алаңы емес, көпфункционалды спорт кешені ретінде жоспарланған. Нысанның басты ерекшеліктері:
- UEFA талаптарына толық сәйкес келеді;
- Ең озық цифрлық технологиялар енгізіледі;
- Көрермендер үшін жайлы инфрақұрылым;
- Қалпына келтіру және жаттығу аймақтары бар спорттық-сауықтыру кешені болады.
Өңір басшысы бұл жобаның Маңғыстау үшін маңызды екенін атап өтіп, қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Жаңа стадион құрылысының дәл қазір қолға алынуы кездейсоқ емес. 2025 жылғы маусымның қорытындысы бойынша, Ақтаудың «Каспий» футбол клубы Бірінші лиганың жеңімпазы атанды.
Шешуші ойында қарағандылық «Шахтерді» 3:2 есебімен тізе бүктірген ақтаулықтар 65 ұпай жинап, Қазақстан Премьер-лигасына (ҚПЛ) жолдама алды. Енді еліміздің ең мықты командаларын қабылдау үшін қалаға заманауи стадион қажет.
«Бұл нысан тек кәсіби футболшылар үшін емес, балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға арналған үлкен кешен болады», — делінген хабарламада.