Қазақстандық теннисші WTA 1000 санатындағы турнирде чемпион атанып, 1 000 рейтингілік ұпай иеленді
Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы, әлемнің 10-ракеткасы Анна Данилина Дохада (Қатар) өткен WTA 1000 турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Данилина сербиялық Александра Круничпен бірге жарыста 4-ракетка ретінде тіркелген болатын. Финалда қазақстандық-сербиялық дуэт турнирдің 3-ракеткалары латвиялық Елена Остапенко мен тайбэйлік Се Шувэйге қарсы кортқа шықты.
Шешуші кездесу аса тартысты өтті. Алғашқы сетте Остапенко – Шувэй жұбы айқын басымдық танытып, 6:0 есебімен алға шықты. Алайда екінші партияда Данилина – Крунич қарымта қайтарды. Тай-брейкте 7:6 есебімен басым түсіп, матч тағдырын супер тай-брейкке жеткізді.
Соңғы шешуші бөлікте қазақстандық-сербиялық жұп мінез көрсетіп, 10:8 есебімен жеңісті жұлып алды. Бір сағат 35 минутқа созылған бәсекеде Данилина мен Крунич 1 эйс жасап, 4 брейк-пойнттың 3-ін тиімді пайдаланды. Қарсыластары 6 брейк жасағанымен, шешуші сәтте басымдықты ұстап тұра алмады.
Биыл Дохадағы турнирдің жүлде қоры 4 088 211 АҚШ долларын құрады. Жұптық сайыс жеңімпаздары 195 000 доллар сыйақы және 1 000 рейтингілік ұпай еншіледі.
Айта кетейік, бұған дейін Данилина мен Крунич Аустралия ашық чемпионатының финалына дейін жеткен еді. Дохадағы бұл жеңіс қазақстандық теннисшінің ірі турнирлердегі табысын еселей түсті.