«Машина менің мойнымда»: Димаш Құдайберген Олимпиада чемпионы Шайдоровты құттықтап, арнайы сыйы барын айтты

Автор: Мөлдір Қазыбай

«Денисімізді жоқтатпадың»: Димаш Құдайбергенов чемпионға алғысын білдіріп, Шайдоровты көлікпен қуантпақ

Фото: Сали Сабиров

Димаш Құдайберген Михаил Шайдоровты Қысқы Олимпиададағы жеңісімен құттықтады. Арнайы лебізін инстаграм парақшасында жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әнші Олимпиада чемпионының жеңісін ел мерейін асырған айтулы оқиға ретінде бағалады. Ол Шайдоровтың мұз үстіндегі өнері мен қайсарлығын жоғары атап, бұл жетістік бүкіл қазақстандықтарға рух сыйлағанын жеткізді. 

«Мишабай, бауырым! Олимпиада алтыны құтты болсын! Құрметті ағайын, не деген мереке! Не деген той! Мұз үстіндегі қимылың, өнерің дүйім жұртқа шабыт, рух сыйлаған үлкен азаматқа айналдың. Еліміздің саңлағы, менің досым, өзіңнің ағаң, өкінішке орай, халқымыздың маңдайына сыймай кеткен асыл перзенті «Денисімізді жоқтатпадың». Ағаңның, халқымыздың алдыңдағы борышыңды жоғары деңгейде өтедің», – дейді әнші 

Сондай-ақ Димаш Құдайберген Михаил Шайдоровтың жарыс барысында өз репертуарындағы әнді таңдағанына ризашылығын білдіріп, спортшыға құрмет белгісі ретінде көлік тарту ететінін айтты.

«Қуантып қойдың, көп рахмет! Осы орайда саған темір тұлпар сыйлаймын. Аз да болса, көптей көр. «Машина менің мойнымда», – деді. 

Еске салайық, бүгін Михаил Шайдоров Қысқы Олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанаудан алтын медаль жеңіп алып, Қазақстан тарихында жаңа белеске көтерілді. Мемлекет басшысы спортшыны жеңісімен құттықтап, оны мемлекеттік наградамен марапаттады.