Тестілеуге тіркелу және оны өткізу мерзімдері жарияланды
Елімізде наурыз айында өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) қатысуға ниетті талапкерлер үшін маңызды кезең басталды. Ғылым және жоғары білім министрлігі тестілеуге тіркелу және оны өткізу мерзімдерін жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Наурыздағы ҰБТ-ға қатысу үшін өтініштерді қабылдау 15 ақпанда басталып, 25 ақпанға дейін жалғасады. Талапкерлер келесі тәсілдер арқылы тіркеле алады:
Негізгі тестілеу кезеңі 1 наурыз бен 6 сәуір аралығында өтеді. Талапкерлер емтихан тапсыратын орынды, күнді және уақытты өз қалауы бойынша таңдауға құқылы.
Министрлік мәліметінше, наурыз айындағы тестке қатысушылардың негізгі санаттары мынадай:
1. Жоғары оқу орнына ақылы негізде шартты түрде қабылданғандар.
2. Мектепті өткен жылдары бітіргендер мен колледж түлектері.
3. Қазақстан азаматы емес, ұлты қазақ тұлғалар (қандастар).
4. Шетелде білім алған ҚР азаматтары.
5. Жоғары оқу орнына ақылы негізде түсуді жоспарлайтын мектептің бітіруші түлектері қатыса алады.
Биыл ҰБТ форматы мен құрылымында өзгерістер жоқ. Талапкерлер бұрынғыша 3 міндетті және 2 таңдау пән бойынша тест тапсырады.
Қазақстан тарихы: 20 сұрақ;
Оқу сауаттылығы: 10 сұрақ;
Математикалық сауаттылық: 10 сұрақ;
Екі бейіндік пән: әрқайсысынан 40 сұрақтан.
Жалпы тапсырмалар саны – 120, ал ең жоғарғы мүмкін көрсеткіш – 140 балл. Тестілеуге 4 сағат (240 минут)уақыт беріледі. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін тағы 40 минут қосылады.
Биыл талапкерлерге қолдау көрсету мақсатында EDUNAVIGATOR.KZ профориентациялық платформасы іске қосылды. Бұл сервис болашақ студенттерге мамандық таңдауда кәсіби бағыт-бағдар береді.
Сонымен қатар Ұлттық тестілеу орталығының сайтында дайындыққа қажетті көмекші материалдар жарияланды.
Олар: Әдебиеттер тізімі; Тарих пәндері бойынша 100 негізгі дата; Терминдер мен әдеби туындылар тізімі; Тегін сынақ тестілері.
Емтихан барысында барлық қатысушыға электронды есептеуіш құрылғыны (калькулятор), Менделеев кестесін және тұздардың ерігіштік кестесін пайдалану мүмкіндігі беріледі.