Ол преамбуланың ерекшеліктерін атады
Астанада «Референдум-2026» онлайн-марафоны басталды. Жаңа Конституция жобасын түсіндіруге арналған ақпараттық алаңда Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Конституциялық комиссияның мүшесі Конституция преамбуласының маңызды ерекшеліктерін атады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Преамбула – біздің өткен тарихымызды дәріптей отырып, болашақтағы бағдарымызды айқындайтын іргетас. Преамбула – өткен тарихымызды дәріптеп қана қоймай, еліміздің болашаққа бағыт алуын нақты көрсететін негізгі бөлім. Бұрынғы Конституцияның преамбуласымен қазіргі жобадағы преамбула арасында айтарлықтай айырмашылық бар. Кейінгі жылдары ғалымдар мен зерттеушілер преамбулаға ерекше назар аудару керектігін жиі көтеріп жүр», – деді депутат.
Ол преамбуладағы құндылықтар туралы айтты.
«Конституция қабылданған кезде преамбулада жазылған құндылықтар сол кездегі азаматтардың сана деңгейіне сай қалыптасқан. Уақыт өте келе біз қазақ жерінде болған мемлекеттердің мұрасын заң жүзінде бекітіп, қалыптасқан құндылықтарды көрсетуді басты мақсат еттік. Сонымен қатар Конституцияның адамға бағытталған болуын, біртұтас қазақ мүддесі тұрғысынан қаралуын басты назарға ала отырып, преамбуланы жаңашыл көзқараспен жаздық. Бұл болашақ азаматтар үшін моральдық іргетас болады. Сонымен қатар қазіргі азаматтардың көзқарастары да уақыт өте өзгерді», – деді ол.
Оның сөзінше, жаңа Конституция жобасы адам капиталы мен ғылымға негізделген.
«Қазақстанда ғылыми зерттеулердің 27,4%-ы коммерцияландырылып, 118 млрд теңгеден астам табыс әкелген. Бұл – білім мен ғылымға салынған капиталдың нақты дәлелі. Мемлекеттің байлығы енді адам капиталы арқылы өлшенеді. Сондықтан Конституция жобасын адамға бет бұрған деп айтуға болады. Біз адамның құқықтары мен бостандықтарын сақтап, оның мүмкіндіктерін толық ашуға жағдай жасадық. Нақты құндылық – адам капиталы, ал ең маңыздысы – білім, ғылым және инновациялық жетістіктер», – деді ол.
Депутат Әділетті Қазақстан ұғымына тоқталды.
«Әділет – көпқырлы ұғым. Әлеуметтік әділет, адамдар арасындағы әділет бар. Заң мен тәртіпті өлшемге алсақ, қарым-қатынас әділетті болады. Құқық үстемдігін орнату үшін заң мен тәртіп сақталуы тиіс», – деді ол.