14 ақпанда елімізде қай жолдар жабық

Автор: Дәулет Ботагөз

Бірнеше өңірде қозғалысқа шектеу қойылды

Фото: © istockphoto.com

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы еліміздегі тасжолдардың қазіргі жағдайы туралы мәлімдеді. Ауа райының қолайсыздығы мен техникалық себептерге байланысты бірнеше өңірде қозғалысқа шектеу қойылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

2026 жылғы 14 ақпандағы жағдай бойынша республикалық маңызы бар жолдардың келесі учаскелерінде көлік қозғалысы уақытша тоқтатылды:

Жетісу облысы

Боран мен көріністің нашарлауына байланысты «Үшарал – Достық» тасжолының 84-164 шақырымы аралығында (Көктұма ауылынан Достық станциясына дейін) қозғалыс шектелді.

Павлодар облысы

«Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы» жолындағы «Қалқаман» жол айрығында өткел құрылысының шеткі арқалықтарының зақымданғаны анықталды.  Осыған байланысты Қалқаман кентіне кіреберіс пен Астана бағытына шығар жол уақытша жабылды.

Шығыс Қазақстан облысы

Өскемен бағытындағы Осинов асуында (46-66 км, Северный ауылы мен Серебрянск қаласына бұрылыс арасы) қысқы кезеңдегі күрделі тау жағдайына байланысты тіркемесі мен жартылай тіркемесі бар жүк көліктерінің жүруіне тыйым салынды.

Жылдамдық режимі қайта қаралды

Ауа райының оңала бастауына байланысты еліміздің екі облысында негізгі магистральдағы жылдамдық режимі қайта қаралды. Бұған дейін сағатына 60 км-мен шектелген жылдамдық енді 110 км/сағ-қа дейін ұлғайтылды:

Ақмола облысы: «Астана – Қарағанды» бағыты (Жібек Жолы ауылынан Анар станциясына дейін).

Қарағанды облысы: «Астана – Қарағанды» бағыты (Анар станциясынан Теміртау төлем пунктіне дейін).

Синоптиктердің болжамынша, бүгін еліміздің басым бөлігінде тұман, жаңбыр, қар аралас боран және көктайғақ күтіледі.