Жетісу облысында лайсаң мен қалың қар салдарынан 2 көлік жолда қалып қойды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Қаратал ауданында далада қалған жолаушыларды ТЖМ тікұшағы аман алып шықты

Фото: Gov.kz

Жетісу облысының Қаратал ауданында қар мен лайсаңға батып қалған 4 адам Төтенше жағдайлар министрлігінің авиациясы арқылы құтқарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға қыстаудан Үштөбе қаласына қарай бағыт алған жеңіл автокөліктің жолсыз жерде тұрып қалуынан басталған. Қалың қар мен батпақ салдарынан көлік қозғалысын жалғастыра алмаған. Жағдай туралы ақпарат түскен соң, оқиға орнына бортында құтқарушылар тобы бар «Қазавиақұтқару» тікұшағы жіберілді.

Құтқарушылар алдымен бір автокөлікті анықтап, арнайы техниканың көмегімен оны жолдың тазартылған бөлігіне сүйреп шығарды. Жүргізуші одан әрі ТЖД қызметкерлерінің сүйемелдеуімен жолын жалғастырған.

Алайда кері қайтар жолда экипаж далада қалып қойған тағы бір көлікті байқайды. Оның ішінде болған 2 адам қауіпсіз жерге эвакуацияланды.

Төтенше жағдайлар министрлігі қолайсыз ауа райында жолға шықпауға, ал тосын жағдайға тап болған жағдайда көліктен шықпай, 112 нөміріне хабарласып, құтқарушыларды күтуге кеңес береді.