Таиланд қазақстандықтардың виза уақытын қысқартуды жоспарлап отыр

Автор: Асыл Арман

Бұл қылмыс деңгейін азайтуға бағытталған

Фото: istockphoto.com

Таиланд үкіметі 93 елдің азаматтары үшін визасыз жүру мерзімін 60 күннен 30 күнге дейін қысқартуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Bangkok Post басылымына сілтеме жасап.

Бастама қылмыс деңгейін төмендетуге бағытталған. Билік өкілдерінің мәліметінше, арнайы құрылған комитет ел аумағында шетел азаматтарының заңсыз әрекеттер жасау қаупін азайту үшін өзгерістерді қарастыруда.

Таиландтың Туризм министрлігінде бұл жаңашылдық туристік ағынға кері әсер етпейтініне сенімді. Статистика бойынша, шетелдік қонақтардың басым бөлігі елде бір айдан аз уақыт болады – орта есеппен шамамен 21 күн. 30 күннен артық қалуды жоспарлағандарға визаны стандартты тәртіппен ұзарту ұсынылады.

Еске салайық, 60 күнге дейінгі визасыз режим 2024 жылдың ортасында туризмді ынталандыру мақсатында енгізілген еді. Енді билік бұл шешімді қайта қарап, рұқсат етілген болу мерзімін қысқартпақ.

Жаңа ережелер қолданылатын елдер тізіміне Қазақстан да кіреді. Осылайша, қазақстандықтар Таиландта визасыз ең көбі 30 күн жүре алады. Өзгерістердің нақты қашан күшіне енетіні әзірге жарияланған жоқ.