ЕҰУ академиялық қауымдастығы жаңа Конституция жобасын қолдады

Автор: Azattyq Rýhy

Қатысушылар ұсынылған жаңа Ата заңның негізгі ережелерін, тұжырымдамалық негіздерін және институционалдық жаңашылдықтарын жан-жақты сөз етті

Фото: ЕҰУ

2026 жылғы 12 ақпанда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде БАҚ бетінде референдумға шығарылған Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясына арналған сараптамалық тыңдалым өтті. Жиынға Мәжіліс депутаттары, академиялық қауымдастық өкілдері мен жетекші заңгер-ғалымдар қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Олардың ішінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Никита Шаталов, ҚР Президентнің жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина, Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Айлүл Сәдуақасова, РһD, Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары Еркебұлан Жұмашев, заң ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор, заң факультетінің деканы Бауыржан Сматлаев сөз сөйледі.

Қатысушылар ұсынылған жаңа Ата заңның негізгі ережелерін, тұжырымдамалық негіздерін және институционалдық жаңашылдықтарын жан-жақты сөз етті. Сарапшылар жаңа Конституция жобасы азаматтардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауға басымдық беретінін, халық пен билік арасындағы өзара сенімді нығайтатынын атап өтті. Сонымен қатар құжат ел бірлігі мен тыныштығын, жер тұтастығын және адам құқықтарын сақтаудың маңызды кепілі ретінде бағаланды.

Дөңгелек үстелге Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Басқарма мүшесі – Сапаны қамтамасыз ету және ішкі бақылау жөніндегі проректор Индира Рыстина модераторлық етті. Оның айтуынша, еліміз қазіргі таңда тарихи кезеңді бастан өткеріп отыр.

«Біз мемлекетіміздің дамуындағы маңызды белесте тұрмыз. Бүгін БАҚ беттерінде референдумға шығарылған жаңа Конституция – ел болашағын айқындайтын құжат. Ата Заңның алғашқы бабында «Мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп нақты көрсетілген. Сондықтан конституциялық реформаға қоғам бейжай қарамады. Биылғы Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Конституцияға түбегейлі өзгерістер енгізілетінін жариялап, саяси жаңғырудың жаңа кезеңін бастады. Құрылған Конституциялық комиссия құрамына түрлі сала өкілдерімен қатар ғылыми қауымдастық мүшелері де енді. Ұсынылып отырған жаңа Конституцияда ғылым мен білімге, мәдениет пен инновацияға айрықша мән берілген.Алдағы уақытта әр баптың қалай қабылданғаны жөнінде деректі фильм түсірілсе, ол Конституция тарихы үшін үлкен олжа болар еді», – деді проректор.

Жиында мемлекеттік биліктің конституциялық негіздерін нығайту, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтау, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, құқық үстемдігін күшейту, демократиялық институттарды дамыту және елдің орнықты әлеуметтік-саяси дамуын қамтамасыз етуге бағытталған нормалар жайлы сөз болды. Адам құқықтары мен азаматтық жауапкершілік мәселелері де назардан тыс қалмады.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Никита Шаталов өз сөзінде Конституциялық реформа ұзақ уақыт бойы кең қоғамдық талқылаудан өткенін және оның барлық кезеңдері ашық әрі жария форматта жүргізілгенін атап өтті. Оның айтуынша, азаматтар, сарапшылар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар өз ұсыныстарын еркін білдіріп, Конституциялық комиссия оларды жан-жақты қарастырды. Бұл үдерістің ашықтығы мен қоғамның белсенді қатысуы жаңа Конституция жобасының шынайы халықтық негізде қалыптасуына мүмкіндік бергенін айтты.

«Жаңа Ата заңның басты ерекшеліктерінің бірі – ашықтық қағидатына негізделуі. Конституциялық өзгерістерді әзірлеу барысында қоғамдық талқылаулар өткізіліп, азаматтардың ұсыныстары ескерілді. Бұл – мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтатын маңызды қадам. Сондықтан жаңа Конституция – әділетті, ашық және халық үніне құлақ асатын мемлекет құруға бағытталған тарихи құжат деп есептеймін», -деді депутат. 

Іс-шара сараптамалық баяндамалар, пікір алмасу және сұрақ-жауап форматында өтті. Қатысушылар жаңа конституциялық жаңғыруды тек құқықтық құжат ретінде емес, білімді, инновацияны және сыни ойлауды бағалайтын жаңа қоғамдық келісімнің негізі ретінде қабылдады.

«Жаңа Конституцияны «Егемен Қазақстан» газетінен мұқият оқып шықтым. Мені, Конституциялық комиссия мүшесі ретінде жаңа заңда халық білдірген ұсыныстар мен пікірлердің ескерілгені қуантты. Бұл – демократиялық өрлеудің нақты көрінісі», - деді философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Айгүл Сәдуақасова.

Осылайша, ЕҰУ алаңында өткен сараптамалық тыңдалым жаңа Конституцияны қолдап-қуаттаудың нақты көрінісіне айналды.