«14 ақпан күні сыйлық аламын деп алданып қалмаңыз»: ІІМ қазақстандықтарға ескерту жасады

Автор: Асыл Арман

Ведомство алаяқтардың айла-тәсілдерін жариялады

Фото: istockphoto.com

14 ақпан күні көпшілік ерекше сыйлық дайындауға асығады. Мереке қарсаңында жеңілдіктер мен жаппай сатылымдар туралы ақпарат көбейеді. Алайда мерекелік қарбаласты интернет-алаяқтар да өз пайдасына жаратып, жалған сайттар ашып, әлеуметтік желілер арқылы азаматтарды алдауға тырысады. Ішкі істер министрлігі осыған байланысты қазақстандықтарға ескерту жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Романтикалық тосынсый қаржылық шығынға немесе көңіл күйдің бұзылуына айналмас үшін қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтау маңызды.

ІІМ мына ережелерді қатаң ұстануға кеңес береді:

  • тауарды тек сенімді, тексерілген сайттар мен ресми маркетплейстер арқылы сатып алыңыз;
  • әлеуметтік желілердегі немесе мессенджерлердегі күмәнді сілтемелерге өтпеңіз;
  • шектен тыс төмен баға ұсынылса, абай болыңыз — бұл алаяқтықтың белгісі болуы мүмкін;
  • сатушыдан тауардың нақты бар екенін растауды сұраңыз;
  • бейнеқоңырау арқылы тауарды, сондай-ақ дүкеннің нақты мекенжайын көрсетуді өтініңіз. Алаяқтар көбіне мұндай талаптан жалтарып, оның орнына геолокация немесе өңделген фото жібереді;
  • төлем жасау кезінде сақ болыңыз: ақшаны жеке шоттарға немесе күмәнді төлем жүйелеріне аудармаңыз;
  • жеке деректеріңізді қорғаңыз. Бөгде адамдарға ешқашан парольдерді, SMS-кодтарды, CVV-кодты және банк картасының толық мәліметін бермеңіз.

«Есіңізде болсын: шынайы сатушы асықтырып, қысым көрсетпейді және алдын ала толық төлемді талап етпейді. Кез келген күмәнді жағдайда мәміледен бас тартқан дұрыс», – деп ескертті ІІМ.