Қарағанды облысында балық аулауға шыққан жұптың көлігі мұз астына түсіп кетті: әйел адам қаза тапты

Автор: Мөлдір Қазыбай

Шерубайнұр су қоймасында суға батып кеткен көліктен ер адам шығып үлгерген

Фото: Қарағанды облыстық ТЖД баспаөз қызметі

Қарағанды облысының Топар кентінде балық аулау кезінде автокөлік мұз астына түсіп, 1 адам көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қайғылы оқиға 10 ақпанда Шерубайнұр су қоймасында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, 1957 жылы туған ер адам мен 1962 жылғы әйел мінген көлік мұздың жұқа бөлігіне шығып кеткен. Мұз автокөлік салмағын көтере алмай, көлік суға батып кеткен.

Ер адам судан өз күшімен шығып үлгерген. Дәрігерлік көмекке мұқтаж болмаған. Ал әйел адамды іздеу жұмыстары бір тәулікке созылды.

11 ақпанда Қарағанды облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің сүңгуірлері марқұмның денесін 7 метр тереңдіктен, суға кеткен көліктен шамамен 4 метр қашықтықтан тауып, жағаға шығарды.

Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.

Өңірлік ТЖД мұз үстіне автокөлікпен шығуға қатаң тыйым салынғанын тағы да еске салды. Мамандардың айтуынша, мұз жамылғысы көлік қозғалысына арналмаған және оның қалыңдығы қауіпсіздікке кепілдік бермейді. Құтқарушылар тұрғындарды сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырды.