Жаңа Конституцияны халықтық деп атауға толық негіз бар – Ерлан Қарин

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол жаңа Конституция жалпыұлттық құндылықтардың көрінісіне айналғанын айтты

Фото: видеодан скриншот

Конституциялық комиссияның 12-отырысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жаңа Конституция жобасына қол жеткізілген келісімдер негізінде қосымша жаңа нормалар, сондай-ақ редакциялық және стилистикалық өзгерістер енгізілгенін мәлімдеді, деп жазады Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, талқылау барысында комиссия мүшелері келіп түскен сұрақтарға жедел жауап беріп, сын-ескертпелерге дер кезінде үн қатқан.

«Осылайша Мемлекет басшысы жариялаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты іске асырылып, азаматтармен кері байланыс қамтамасыз етілді. Талқылау барысында түскен барлық жүйелі ұсыныстар мәтінде көрініс тапты. Сондықтан құрамына түрлі өңірлер мен салалардың өкілдері кірген комиссия жұмысының ашық сипатын ескере отырып, дайындалған жобаны шын мәнінде халықтық Конституция деп атауға толық негіз бар», – деді Ерлан Қарин.

Мемлекеттік кеңесші комиссия жұмысы мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа форматын көрсеткенін атап өтті.

«Осылайша біз мемлекет пен қоғам бірлігінің жаңа үлгісін көрсеттік. Егер болашақта жаңа Конституция азаматтардың қолдауымен референдумда қабылданса, ол тек құқықтық құжат қана емес, жалпыұлттық идея мен құндылықтардың көрінісіне айналады», – деді ол.

Ерлан Қарин құжаттың тілдік аспектісіне де арнайы тоқталды. Оның айтуынша, жобаның басты ерекшеліктерінің бірі – Конституция алғаш рет әуел бастан қазақ тілінде әзірленген.

«Жаңа Конституция мемлекеттік, қоғамдық және ұлттық мүдделер тұрғысынан жазылды. Оның басты ерекшеліктері мен артықшылықтарының бірі алғаш рет бастапқыда мемлекеттік тілде, яғни қазақ тілінде әзірленуі. Барлық редакциялық жұмыс барысында дәл осы мемлекеттік тілдегі мәтін негізгі нұсқа ретінде алынды», – деп атап өтті ол.

Мемлекеттік кеңесшінің нақтылауынша, дайындық үдерісінде конституциялық нормалардың тұжырымдары нақтыланып, түрліше түсіндіруге әкелуі мүмкін олқылықтар жойылған.

«Бұл көпшілікке байқала бермейтін, алайда аса маңызды әрі күрделі жұмыс. Атқарылған жұмыстың нәтижесінде жаңа Конституцияның мәтіні анағұрлым айқын, сараланған және түсінікті бола түсті. Сондай-ақ редакциялық және сараптамалық жұмысқа қатысқан қызметкерлердің үлесін ерекше атап өткен жөн», – деді Ерлан Қарин.