Ол жаңа Конституция жобасын референдумға шығару жайлы айтты
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Айдос Сарым Конституциялық комиссия отырысында депутаттар өңірлерде әрбір тұрғынмен жаңа Конституция жобасын түсіндіруге дайын екенін айтты, деп жазады Azattyq Rýhy.
«Бүгін біз ортақ жұмысымызды қорытындылау кезеңіне қадам басып отырмыз. Мыңдаған отандасымыздың бірлескен еңбегінің нәтижесінде Қазақстан жаңа Конституциясының бірегей тарихи құжатын әзірлей алдық. Біз көп маңызды серпілістер жасадық. Ұйымшыл, жүйелі жұмыстың арқасында қажетті тұжырымдар мен нақты құқықтық формулаларды таба білдік. Олар жуық арада азаматтарымыздың өмірін жақсартуға, қоғамымыз бен мемлекетіміздің келбетін жаңғыртуға қызмет ететін болады. Бұл нормалар конституциялық заңдар мен кодекстерде, өзге де нормативтік-құқықтық актілерде көрініс тауып, еліміздің жаңа құқықтық қаңқасын қалыптастырады. Бұл өткенін ұмытпайтын, бүгінін бағалайтын және болашаққа сеніммен қадам басқан мемлекеттің негізі», - деді Айдос Сарым.
Депутаттың пікірінше, Конституцияда маңызсыз бап немесе тармақ болмайды. Барлығы да мәнді әрі маңызды. Дегенмен әр комиссия мүшесі үшін айрықша мәні бар бағыттар бар екені анық.
«Біріншіден, негізгі заң жобасы тарихи контекстімізді толық ескереді. Толықтай жаңартылған преамбуладан бастап нақты баптарға дейін мемлекетіміздің сабақтастығы, ұлттық тарихпен және жаһандық тарихи үдерістермен ажырамас байланысы айқын көрініс тапқан. Тарихшы ретінде мен үшін мұндай тәсілдер аса құнды. Біз жаңа тағдырдың Конституциясын, ортақ тағдырдың құжатын жасадық деп сеніммен айта аламын. Екіншіден, жобада ұлттық қауіпсіздік, ұлттық бірлік пен ынтымақ, мемлекеттік шекарамыздың мызғымастығы мәселелері жан-жақты қамтылған. Бұл – ұлттық егемендіктің қайнар көзі әрі қорғаушысы болып табылатын жауапты халықтың таңдауы. Біз ешкімге өзімізді өткеннің архаикасына сүйреуге жол бермеуіміз керек. Болашаққа қорқынышпен емес, сеніммен қарауымыз қажет. Біздің Конституция дәл осы ұстанымды бекітеді», - деді депутат.
Ол атағандай, қазақ халқы тарихымен мақтанатын ұлтпыз.
«Ортақ тағдырымызда ауыр әрі қасіретті кезеңдер де болды. Алайда олар бізді бүгіннен және болашақтан алыстатпайды. Біз алғаш рет Конституция деңгейінде ғылым, білім, мәдениет және инновацияны ұлттық басымдық ретінде айқындап отырмыз. Сондай-ақ әлемдегі алдыңғы мемлекеттердің бірі ретінде азаматтардың цифрлық құқықтарын Негізгі заңда бекітеміз. Дәл осы салаларда жаһандық бәсеке күшейіп келеді. Біз ашық, адал, өркениетті бәсекеге дайынбыз. Сондықтан қоғамымызға білім мен инновацияның Конституциясын ұсынып отырмыз», - деді ол.
Депутат атағандай, ең ауқымды өзгерістер Конституцияның бірінші және екінші бөлімдеріне, сондай-ақ сот төрелігі мен азаматтардың құқықтарын қорғауға қатысты бөлімдерге енгізілді.
«Жобаны байыппен, салмақпен оқыған әрбір адам көптеген сұрақтарына жауап табады. Тіпті сын айтушылардың өзі айқын ілгерілеуді көреді деп сенемін. Жоба заң мен тәртіп қағидатын, сондай-ақ табиғат тағдырына ортақ экологиялық жауапкершілікті ұлттық басымдық ретінде айқындайды. Сондықтан бұл – бостандықтың, заңдылық пен тәртіптің, өзара жауапкершіліктің Конституциясы.Біз өз еңбегімізді мақтан тұтуға лайықпыз. Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы тарихи факт әрі саяси фактор ретінде қалыптасты деп есептеймін. Қазіргі нұсқада оны Қазақстан Республикасының Президентіне ұсынып, бүкілхалықтық референдумға шығару орынды деп санаймын. Біз республикалық штаб құрып, еліміздің барлық өңіріне барып, әрбір азаматпен ашық әрі сенімді диалог жүргізуге дайынбыз», - деді ол.