Полиция оның құжаттарын қалпына келтіріп, азаматтық алуына көмектесті
Батыс Қазақстан облысында полиция департаментінің көші-қон қызметі Адам құқықтары жөніндегі ұйымының қолдауымен ұзақ жылдар бойы жеке басын куәландыратын құжаттарсыз өмір сүрген 55 жастағы әйелдің құқықтық мәртебесін қалпына келтіруге көмектесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әйел БҚО аумағында дүниеге келген, облыстағы елді мекендердің бірінде мектеп бітіріп, Орал қаласында еңбек еткен. Алайда құжаттарының жоғалуына байланысты азаматтығын дер кезінде рәсімдей алмай, көп жылдар бойы уақытша жұмыстармен күнелтіп, құқықтық кеңістіктен тыс қалып келген.
«Жүргізілген тексеру мен мамандардың кешенді жұмысының нәтижесінде оның жеке басы мен Қазақстан Республикасының азаматтығына тиесілігі расталды. Ол жеке куәлігін алып, ресми түрде Қазақстан Республикасының азаматы ретінде танылды», – делінген БҚО ПД хабарламасында.
Бұл ол үшін жаңа өмір кезеңін бастауға берілген үлкен мүмкіндік болды, енді ол мемлекеттік қызметтерге, әлеуметтік қолдауға және еліміз азаматтарына кепілдік берілген барлық құқықтарға толық қол жеткізе алады.