Қысқы Олимпиада медальдары сын көтермеді: жүлдегерлер сапасына шағымдануда

Автор: Мөлдір Қазыбай

Жүлдегерлер медаль бауларының үзіліп, кейбірінің екіге бөлінгенін айтып отыр

Фото: olimpic.kz

Қысқы Олимпиада ойындарында табысталған медальдардың сапасына қатысты спортшылар тарапынан шағымдар түсе бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

BBC мәліметінше, бірқатар жүлдегерлер медаль бауларының оңай үзіліп қалғанын, тіпті кейбірінің екіге бөлініп кеткенін айтқан. Бұл мәселе туралы алғаш болып америкалық шаңғышы Бризи Джонсон хабарлады. Ол алтын медаль алғаннан кейін қуаныштан секірген сәтте жүлдесінің бауы үзіліп, медаль жерге түскенін көрсетті.

Кейін осындай жағдай басқа спортшылардың да басынан өткені белгілі болды. Атап айтқанда, швециялық шаңғышы Эбба Андерссонның күміс медалі де бауынан үзіліп, зақымданған. Қысқы Олимпиада ойындарының бас операциялық директоры Андреа Фрэнсис ұйымдастыру комитеті туындаған мәселеге байланысты тексеру жұмыстарын бастағанын мәлімдеді.

Ұйымдастырушылар дерегінше, биылғы қысқы Олимпиададағы алтын медальдар 500 г күмістен жасалып, үстіне 6 г таза алтын жалатылған. Күміс медальдар 500 г таза күмістен, ал қола медальдар таза мыстан құйылған.

Нарықтағы қазіргі алтын бағасын ескергенде, Милан қысқы Олимпиадасының алтын медалінің құны шамамен 2481 АҚШ долларына бағаланып отыр. Бұл алдыңғы Олимпиада ойындарымен салыстырғанда айтарлықтай жоғары және Париж Олимпиадасындағы алтын медаль бағасынан шамамен 2 есе қымбат. Күміс медальдің шамаланған құны 1400 АҚШ долларына жеткен. Бұл көрсеткіш те Париж Олимпиадасымен салыстырғанда шамамен 3 есе жоғары.