ШҚО-да ірі есірткі зертханасы табылды: оны ашқан 30 жастағы ер адам ұсталды

Автор: Асыл Арман

Шығыс Қазақстанда синтетикалық есірткі өндірісінің ауқымды арнасы жойылды

Фото: ШҚО ПД/Видеодан скрин

ШҚО-да синтетикалық есірткі өндіруге жасырын мамандандырылған ірі есірткі зертханасын анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жедел іздестіру шаралары барысында қылмыстық бизнесті Шығыс Қазақстан облысының 30 жастағы тұрғыны ұйымдастырғаны анықталды. Заңсыз өндіріс Талдықорған қаласының шетіндегі жалға алынған жеке үйлердің бірінде құрылған. Химиялық реагенттерді сақтау және есірткі заттарын дайындау үшін қосымша тұрғын үй пайдаланылған. Бұл Шығыс Қазақстан облысының аумағына синтетикалық есірткіні жеткізу мен өткізуге бағытталған қылмыстық арнаның тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге мүмкіндік берген.

«Санкцияланған жедел тінту жұмыстары аясында полицейлер кәсіби зертханалық жабдықтарды, сондай-ақ дайын және жартылай фабрикатты есірткі заттарын тапты. Түрлі көлемдегі шыны және пластик ыдыстар, канистрлер, zip-пакеттер, вакуумдық қаптамалар, сонымен қатар өзіне тән иісі бар ұнтақ тәріздес және сұйық заттар тәркіленді.

Алдын ала мәліметтер бойынша, заңсыз айналымнан 8 килограммнан астам синтетикалық есірткі алынды.

Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттың бір бөлігі жалпы салмағы 2 килограммнан асатын «мефедрон» психотроптық заты болып табылады. Сонымен қатар, прекурсорлар – жалпы көлемі шамамен 800 литр болатын сұйықтығы бар 33 канистр табылды», – делінген ПД хабарламасында.

Сондай-ақ, құрамында желе тәрізді кристалды заты бар 15 табақ, өзіне тән иісі бар 30 литрлік екі бөтелке сұйықтық және ұнтақ тәріздес заты бар полимерлі пакет тәркіленіп, сот сараптамасына жіберілді.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр.